Владимир Путин Астана процесіне қатысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді

11:30, 20 қазан 2017

Ресей Президенті Владимир Путин Сириядағы ахуалды реттеу үшін келіссөздер алаңын ұсынған Қазақстанға және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.

Сочиде өткен «Валдай» халықаралық пікірталас клубының отырысында Ресей басшысы Қазақстанның бейтарап позиция ұстанатынын және беделді бітімгер болып отырғанын айтты. Владимир Путин сондай-ақ Қазақстан жай ғана бас қосатын орын емес, өте қолайлы алаң екенін жеткізді. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

– Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Астана процесін өткізу үшін бізге және басқа да қатысушыларға Астана алаңын ұсынғаны үшін алғысымды айтқым келеді. Қазақстан – жай ғана бас қосатын жер емес, өте қолайлы алаң. Бұл тұста Қазақстанның бейтарап позициясын, бұл өңірдегі қандай да бір ішкі кикілжіңдеріне ешқашан килікпегенін, керісінше беделді бітімгер болғанын айтып отырмын. Айта кетейін, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келуші тараптарды келіссөздер үстел басына жинау үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін шексіз ризамыз. Астана процесінің бет алысы дұрыс, әрине, проблемалар да жоқ емес. Алайда оң бағытта.

Айта кетейік, Астана процесі аясында Сирия жөнінде жоғары деңгейдегі кезекті кездесу 30-31 қазан күндері өтеді. Жетінші халықаралық кездесуде,тұтқындарды босату және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесі бекітіледі деп күтіліп отыр.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!