Ұлдана Мырзуанның қазасы: құрылыс компаниясы мен МИБ төрағасына қатысты істер біріктірілуі мүмкін

18:01, 1 қазан 2026
MKZ: 1569990

© Фото: Zakon.kz

Бүгін, 2026 жылғы 1 қазанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында істі прокурорға жолдау туралы өтініш қанағаттандырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жәбірленуші Сәлима Омарованың өкілі Нұрсұлтан Орынбеков Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдауды сұрады.

"Біз үшін ақиқат маңызды. Құрылыс компаниясына қатысты істі де, сараптамаларды да бүкіл халық көрді. Сондықтан осы істерді біріктіріп, әрі қарай процессуалдық шешімдер қабылдау үшін прокурорға жолдаған дұрыс деп есептейміз. Алдағы уақытта басқа да мемлекеттік орган қызметкерлерінен жауап алуды сұраймыз", – деді Нұрсұлтан Орынбеков.

Судья бұл өтінішті қанағаттандырып, Сәуле Жұбаниязоваға қатысты істі құрылыс компаниясы мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдау туралы қаулы шығарды.

"Бұған 2026 жылғы 1 қазанда Астананың ауданаралық тергеу сотының шығарған қаулысы негіз болды. Онда бұған дейін тоқтатылған үйдің құрылысына қатысы бар тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күші жойылған. Сот сондай-ақ құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысын ескерді. Сараптамаға сәйкес, ғимараттың опырылуына конструкциялық ақаулар мен құрылыс технологиясының бұзылуы себеп болуы мүмкін. Бұл істі тек МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың әрекетіне баға беру тұрғысынан қарауға болмайды. Апатты жағдайдың туындауына қатысы болуы мүмкін барлық тұлғаның әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуі керек", – деді судья Меруерт Абаева.

Ол ғимараттың опырылуына қатысты барлық мән-жай кешенді түрде тергеліп, оған қатысы бар тұлғалардың әрекеттері анықталып, құқықтық баға берілуі қажет екенін айтты.

"Істі тек Сәуле Жұбаниязоваға қатысты жеке қарау соттың пікірінше, әзірге ерте. Бұл қаулымен Жұбаниязованың немесе басқа тұлғалардың кінәлі екені туралы мәселе шешілген жоқ. Іс өндірістерді біріктіру және болған қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын толық тергеу мәселесін шешу үшін прокурорға жолданды", – деп қорытындылады судья.

Бұған дейін судья жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішті де қанағаттандырған.

Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада болған. Сол күні Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үй кешенінің қасбетінен сыртқы кірпіш қаптаманың бір бөлігі мен кондиционер қондырғысы құлап, бес адам зардап шеккен.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!