Үйі өртенген алты балалы отбасы далада қалды

16:28, 3 наурыз 2021
196

© Сурет: видеодан кадр

Алматы облысында жеке тұрғын үй өртеніп алты баласы бар отбасы далада қалды. Оқиғаның болғанына бір апта өтсе де паналайтын орын таппай әлек. Өз кезегінде әкімдіктегілер барлығын қатырамыз деп уәде берген екен. Алайда, туыстарының үйін жағалап жүргендер шыдамымыз таусылып барады деп күйінуде, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Алты баланы асырап отырған отбасының аядай баспанасы бір мезетте сау-тамтығы қалмай өртке оранған. Оқиға түнде болғандықтан тәтті ұйқыда жатқандар әуел баста сезбей қалыпты. Өйткені алдымен баспананың шатыры жана бастапты. Ал,тілсіз жауға оранғанын көрген ана ең алғаш перзенттерін үйінен алып шығуға тырысқан екен.

Әйгерім Талқанбаева, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны:

Өзім ұйықтап қалған едім шатыр-шұтыр дегеннен ояндым. Сөйтсем, үйімнің төбесі өртеніп кетіпті. Терезені ашып қарасам, үйімнің шатыры полностью жанып кеткен. Үстілеріне бір-бір киім кигізіп қызым бәрі ұйықтап қалған ғой енді. Киімдерін кигізіп алып шықтық.

Қазіргі уақытта көп балалы отбасы туыстарын паналап отыр. Алайда бір аптаның ішінде сыйыспай жатқандарын жеткізді. Оқиғадан кейін әкімдіктегілер уақытша баспана жағын қарастырамыз деген екен. Бірақ әлі күнге дейін сағызша созып келеді дейді. Ұсынған баспаналарының бағасын қалта көтермейді, енді біріне құрылыс жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.

Әйгерім Талқанбаева, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны:

60 мың теңге деді, өзіңіз төлеп тұрасыз деді. Менің 60 мың теңгені төлейтін жағдайым жоқ. Көпбалалы ретінде пособия ғана алып отырған адаммын. Күйеуімнің 55 мың айлығына қарап, соған күн көріп отырған адамбыз. Мені баспанамен қамтамасыз етіп, анау арендный жильеда кезекте тұрмын көп балалы ана ретінде соған мені кіргізіп жылжытып беріңіздер дедім.

Жанын шүберекке түйіп отырған отбасы қазір артық шығын біз үшін ауыр дейд. Сонымен қатар жалға берілетін пәтерлердің қожайындары да бала санын естігенде бірден бас тартады екен. Ал ауылдық әкімдіктегілер жақын уақытта жақсы жаңалық болады деп сендірді.

Мәден Бақтыбаев, Белбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Бір екі варианттар бар болған дайын кезде. Кейбір жерлердің бағасы қымбат болады. Кейбір жерлерде условиясы жоқ. Бірақ, қазіргі таңда біз жақсы бір варианттарды қарастырып жатырмыз. Бұл кісі өзі осы Талдыбұлақ ауылында талап етіп жатыр. Біз сол қазір Талдыбұлақ ауылының ішінен іздестіріп жатырмыз.

Сонымен қатар, әкімдік өкілдері жалға берілген пәтердің жарты жылының ақшасын өзіміз төлейміз дейді. Ал, кезекте тұрған үйді қазір алып беру біздің құзыретімізге кірмейді деп жауап берді. Ай мен күннің аманында баспанасынан айырылып бас сауғалап кеткен отбасы енді жаңа үйлеріне кіруді асыға күтуде.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір