ТЖД: Алматыда сноуборд тепкен 18 жастағы қыздың мәйіті табылды

21:55, 20 желтоқсан 2025

© Фото: zakon.kz

Алматы қалалық ТЖД 20 желтоқсанда Бутаков сарқырамасы ауданында жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстарының барысына қатысты түсініктеме берді. Аталған аумақтан бұған дейін тауда жоғалып кеткен әйел адамның мәйіті табылған болатын, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жоғалғаны туралы хабар 19 желтоқсанда «102» қызметінен түскен. Туысының айтуынша, бойжеткен Букреев шыңы маңындағы таулы аумақта сноуборд тебуге шығып, кейін байланысқа шықпай қалған.

Ақпарат түсе салысымен ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелерінің күштері мен құралдары, полиция қызметкерлері, ТЖМ РОСО құтқарушылары және еріктілер жедел түрде жұмылдырылды. Оқиға орнында Алматы қаласы мен Алматы облысының ТЖД өкілдерінің басшылығымен жедел штаб құрылды.

Құтқарушылардың мәліметінше, іздеу жұмыстары күрделі ауа райы жағдайында жүргізілген.

20 желтоқсан күні сағат 13:04-те іздеу-құтқару операциясы барысында Бутаков сарқырамасы ауданынан әйел адамның мәйіті табылды. Осыдан кейін теңіз деңгейінен шамамен 2100 метр биіктіктен Бутаков шатқалындағы бақылау-құтқару бекетіне дейін мәйітті түсіру жұмыстары жүргізілді. Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қаза тапқан адамның жеке басы барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін түпкілікті анықталады.

ТЖД мәліметінше, іздеу жұмыстарына құтқарушылар мен еріктілерді қоса алғанда 73 адам, 10 техника бірлігі, бес ұшқышсыз ұшу аппараты және үш кинологиялық есептоп тартылған. Операцияға Алматы қаласы мен Алматы облысының ТЖД бөлімшелері, РОСО, Құтқару қызметі, ТЖМ апат медицинасы орталығы, сондай-ақ еріктілер қатысты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!