Алматыда сноуборд тепкен 18 жастағы қыздың мәйіті табылды

21:55, 20 желтоқсан 2025

© Сурет: pixabay

Алматы қалалық ТЖД 20 желтоқсанда Бутаков сарқырамасы ауданында жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстарына қатысты түсінік берді. Бұл аумақтан бұған дейін тауда жоғалып кеткен әйел адамның мәйіті табылған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның мәліметінше, марқұмның жоғалғаны туралы хабар 19 желтоқсанда "102" қызметінен түскен. Туысының айтуынша, бойжеткен Букреев шыңы маңындағы таулы аумақта сноуборд тебуге шығып, кейін байланысқа шықпай қалған.

Ақпарат түсе салысымен ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелерінің күштері мен құралдары, полиция қызметкерлері, ТЖМ РЖҚЖ құтқарушылары және еріктілер жедел түрде жұмылдырылды. Оқиға орнында Алматы қаласы мен Алматы облысының ТЖД өкілдерінің басшылығымен жедел штаб құрылды.

20 желтоқсан күні сағат 13:04-те іздеу-құтқару операциясы кезінде Бутаков сарқырамасы ауданынан әйел адамның мәйіті табылды. Осыдан кейін теңіз деңгейінен шамамен 2 100 метр биіктіктен Бутаков шатқалындағы бақылау-құтқару бекетіне дейін мәйітті түсіру жұмыстары жүргізілді. Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қаза тапқан адамның жеке басы барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін түпкілікті анықталады.

ТЖД мәліметінше, іздеу жұмыстарына құтқарушылар мен еріктілерді қоса алғанда 73 адам, 10 техника бірлігі, бес ұшқышсыз ұшу аппараты және үш кинологиялық есептоп тартылған. Операцияға Алматы қаласы мен Алматы облысының ТЖД бөлімшелері, РЖҚЖ, Құтқару қызметі, ТЖМ апат медицинасы орталығы, сондай-ақ еріктілер қатысты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!