Тоқаев радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заңға қол қойды

13:02, 8 шілде 2026

© Сурет: pixabay

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 7 шілдеде радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заңға және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, энергетика және атом саласын дамыту мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Құжат радиоактивті қалдықтарды сақтау мен көмуге қатысты жекелеген операцияларды реттеуден бас тартып, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің толық жүйесін кешенді түрде реттеуге бағытталған. Ол қалдықтармен жұмыс істеу объектілерін, олардың өмірлік циклін, қалдықтарды түзушілердің міндеттерін, ұлттық оператордың рөлін, мемлекеттік реттеу, есепке алу, бақылау, қауіпсіздік, қаржыландыру және ядролық мұра мәселелерін қамтиды.

Заңдағы негізгі жаңашылдықтар:

  • шетелден радиоактивті қалдықтарды әкелуге және көмуге тыйым салынады. Тек оларды қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған өнімдерді қайтару жағдайына ғана рұқсат беріледі;
  • радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілеріне тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау енгізіледі.

Ілеспе заңда:

  • тұрақты мемлекеттік бақылау және қадағалау режимі мен оны жүзеге асыру тәртібі бекітілді;
  • "ядролық мұра объектілері" ұғымы енгізілді;
  • уәкілетті органның құзыреті нақтыланды;
  • атом энергиясын пайдалану объектілерінің ерекшеліктерін, ықтимал қауіп деңгейін, қауіпсіздік талаптары мен халықаралық тәжірибені ескеретін мемлекеттік бақылаудың арнайы тәртібі белгіленді;
  • "Атом электр станциясының ұлттық операторы" ұғымы енгізілді. Бұл – мемлекет жүз пайыз қатысатын, атом электр станциясын жобалау, салу, пайдалану және пайдаланудан шығару жұмыстарын жүзеге асыратын заңды тұлға.

Сонымен қатар Бюджет кодексіне АЭС ұлттық операторын бюджеттік кредит желісі арқылы қаржыландырудың ерекшеліктерін айқындайтын түзетулер енгізілді.

Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске де бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда:

  • Атом энергиясы агенттігі уран саласындағы уәкілетті орган ретінде айқындалып, уранды барлауды реттеу өкілеттігі берілді;
  • "Тау-Кен Самұрық" ҰТК" АҚ уран мен көмірден басқа стратегиялық ресурстарды барлау және өндіру лицензияларын алатын ұлттық компания ретінде белгіленді;
  • барлау кезеңінде бұрғыланған ұңғымаларды 90 күннен астам уақытша пайдалануға мүмкіндік беретін тетік енгізілді. Бұл жер қойнауын пайдаланушыларға мұнайды ерте кезеңде өндіруге жол ашады.

Жалпы, заң мемлекеттік саясаттың тұтас жүйесін қалыптастыруға, ядролық қауіпсіздік стандарттарын арттыруға және халық пен қоршаған ортаны қорғауды күшейтуге бағытталған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!