Тоқаев пен Ердоғанға екі елдің бірлескен жобалары жайлы есеп берілді

16:31, 14 мамыр 2026

© Сурет: akorda.kz

Бүгін, 2026 жылғы 14 мамырда елімізге ресми сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа екі елдің бірқатар жобалары таныстырылды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан бірқатар инвестициялық жоба туралы мәлімет берілді

Атап айтқанда:

  • Абай облысында Miryıldız компаниясы кен байыту комбинатын салуға ниетті;
  • İskefe Holding Алматы қаласында желатин шығаруды жоспарлап отыр;
  • Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндірісті қолға алды;
  • S Sistem Lojistik компаниясы "Қазпошта" акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр;
  • Tiryaki Holding Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кірісті.

Аталған жобалар аясында елімізге 920 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, 3100-ден аса жұмыс орны ашылмақ.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттер басшыларына бүгінде түрік компанияларының қатысуымен ел экономикасының түрлі секторында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Олардың жалпы сомасы – 4 миллиард доллар шамасында.

Қазіргі кезде құны 4 миллиард долларды құрайтын тағы 50 бірлескен жобаға қатысты жұмыс жалғасуда. Бұл Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Бұған дейін жазғанымыздай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 14 мамырда елімізге ресми сапармен келген Түркия президентін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттады. Режеп Тайип Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!