Тоқаев неміс компанияларын Қазақстандағы цифрлық жобаларға қатысуға шақырды

14:45, 29 қыркүйек 2026
MKZ: 1569516

© Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуде цифрлық инновация және жасанды интеллект саласындағы серіктестікті екі ел ынтымақтастығының тағы бір басым бағыты ретінде атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы германиялық компанияларды Қазақстандағы деректерді өңдеу орталықтары, энергия тиімділігі технологиялары, бұлтты инфрақұрылым және киберқауіпсіздік салаларындағы жобаларға қатысуға шақырды.

"Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, "бұлтты" инфрақұрылым" және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Тағы бір перспективті бағыт – қаржы технологиялары. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев неміс қаржы секторын Қазақстан экономикасына кеңінен тартудың маңызды бағыттарының бірі ретінде Alatau City жобасын атады.

"Орталық Азиядағы алғашқы "ақылды қала" әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.

Сөзін қорытындылаған Президент Қазақстан мен Германия жоғары деңгейдегі саяси диалогқа сүйене отырып, қаржы, технология және инвестиция салаларындағы серіктестікті дамытуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Оның сөзінше, басты мақсат – капитал ағынын арттырумен шектелмей, жаңа салалар мен экономикалық өсім бағыттарын бірлесіп қалыптастыру.

Мемлекет басшысы Қазақстан алдағы уақытта да инвесторларға қолайлы әрі ережелері түсінікті орта қалыптастырып, олардың құқықтарын қорғауды және стратегиялық маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастыратынын растады.

Іс-шара барысында Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс, Германия сауда-өнеркәсіп палатасының (DIHK) басқарушы директоры Елена Мельников, Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі Вольфганг Нидермарк, German Water Partnership бас директоры Борис Грайфенедер, KfW тобының басқарма мүшесі Мелани Кер, Deutsche Bank AG басқарма мүшесі Александр фон цур Мюлен, Euler Hermes AG басқарма мүшесі Эдна Шёне, AKA Ausfuhrkredit-Gesellschaft mbH басқарушы директоры Марк Венчик сөз сөйледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!