Тоқаев: Alatau City алғашқы толық цифрлық қала болады

14:25, 2 маусым 2026

© Сурет: akorda.kz

Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Алатау алғашқы толық цифрлық қала болатындығын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны жүзеге асыру айтарлықтай күрделі және операциялық шығындарды қажет ететіндігін жеткізді.

"Бұл орайда тұрақты, болжамды кіріс базасын қалыптастырған жөн. Қазіргі қаржылық-экономикалық моделдің келешек шығындарды жаба алмай қалу қаупі де бар. Инвестиция ағыны мен бизнесті дамытуға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана". Мемлекет басшысы

Бұдан бөлек, ол бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әкелетіндігін айтты.

"Бұл құрылымдық алшақтыққа ұрындыруы мүмкін. Өйткені қаланы қамтамасыз ету мен дамытуға қаражат қажет кезде түсімдер кешігуі немесе бастапқыда төмен болуы ықтимал. Сондықтан Алатауды дамыту жөніндегі кеңес қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеуі керек. Сонымен бірге қаланы стратегиялық жоспарлауға негіз болатын құжаттарды бекіткен жөн. Инвесторлар мен серіктестер, азаматтар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласының қандай болатынын түсінуі қажет. Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және "ақылды" басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады. Басты бағдар – осы". Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент келесі жылы қаланы дамытуға белсене кірісу үшін стратегиялық құжаттардың барлығын (Ұзақмерзімді жоспар, Кешенді бағдарлама және Даму стратегиясы) жыл соңына дейін қабылдау керек екенін баса айтты.

"Мұндай ірі және ұзақмерзімді жобаларды іске асыруда процесті жедел, қарқынды және ең әуелі сәтімен бастау өте маңызды. Созбаққа салсақ, іс тоқырады деп санай беріңіздер". Мемлекет басшысы

Бұған дейін мемлекет басшысының Қонаев қаласының келбетін сынға алғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!