Тоқаев Alatau Smart-City жоспарлары мен өңірдегі нақты жағдай арасында алшақтық бар екенін айтты

15:03, 2 маусым 2026

© Сурет: akorda.kz

Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Алматы облысындағы инфрақұрылымның жағдайын сынға алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, қалаға қосылған елді мекендердің (Жетіген, Қоянқұс және тағы басқалар) тұрғындары тұрмысқа қажетті қарапайым жағдайдың жасалмағанын айтады. Электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығын алға тартады.

"Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. Мәселен, 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуатының өшірілуі 919 рет, ал жыл басынан бері 201 мәрте тіркелген. Қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында қалып отыр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден кешігуде. Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық". Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұл жағдайды президент Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар, әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санайды.

"Жалпы, жаңа энергия қуаты көздерін кеңейту мен іске қосу қажеттігі – елдік деңгейдегі мәселе. Мамандардың басым бөлігі энергия тапшылығы мәселесінің негізгі шешімі жаңа генерацияны іске қосу деп біледі. Пікірталастың барлығы екі аспектіге – қанша және қандай электр станцияларын салу қажет деген сауалға келіп тіреледі. Біз қашанда талқылауға дайын тұрамыз. Бірақ қазіргі уақытта еліміз энергияны қаншалықты көптеп жоғалтып отыр деген негізгі сауалды ешкім қозғамайды". Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Тоқаев осы проблеманы шешу үшін "First fuel" тұжырымдамасына ерекше назар қажет деп санайды.

"Халықаралық энергетика агенттігі әзірлеген бұл тұжырымдама энергияның тиімділігі мен қуат үнемдеуді арттыру шараларын кеңінен енгізуді қарастырады. Үнемделген энергияның бағасы жаңадан өндірілетін электр энергиясының құнына қарағанда, тіпті өндірістің қолжетімді түрлерімен салыстырғанда 2-3 есе төмен болатыны есептелген. Бұл жерде міндетті түрде пайдалануға болатын үлкен әлеует жатыр". Мемлекет басшысы

Оның айтуынша, Қазақстанның қазіргі қуат шығыны ауқымы жағынан жекелеген өңірлер тұтынатын және өндіретін энергия көлеміне тең.

  • Өнеркәсіп министрлігінің ақпараты бойынша, желілердегі электр энергиясының шығыны шамамен 10 пайызды құрайды, жылу энергиясының шығыны да 10 пайызға жуық. Мәселен, 2024 жылы электр энергиясының жалпы шығыны 9 миллиардтан аса киловатт сағатты құрады. Бұл бүкіл Атырау облысындағы тұтыну көлемінен артық.
  • Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпаратына сәйкес, еліміз – әлемде энергияны ең көп тұтынатын экономикалардың бірі. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстанның ІЖӨ-дегі энергия тұтынуы орташа әлемдік көрсеткіштен 2 есе жоғары, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері көрсеткіштерінен 3,5 есе артық.
"Мойындауымыз керек, саладағы түйткіл көбінесе желілердің тозығы жеткенінде және электр энергиясын тасымалдаудағы ұзақ қашықтыққа ғана байланысты емес. Сонымен бірге энергия тұтынудағы мәдениетіміздің төмендігінде де болып отыр. Бұл бағытта Үкімет, әкімдіктер, ұлттық компаниялар және қоғам белсенділері атқаратын жұмыс көп. Біз халыққа электр энергиясын үнемдеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы, үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс".Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған дейін президент Алатау қаласында нені шұғыл қолға алу керек екенін айтқан болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!