Тәрбиешіні моральға қайшы әрекеті үшін жұмыстан шығаруға бола ма: Конституциялық сот түсіндірді

11:14, 12 қараша 2026
MKZ: 1577351

© Фото: Zakon.kz

Конституциялық сотқа Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14 тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш түсті. Бұл норма тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер моральға қайшы әрекет жасаған жағдайда онымен еңбек шартын бұзуды көздейді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өтініш беруші мектептің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінің шешімі негізінде жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған. Ол бұл шешіммен келіспей, келісу комиссиясына және соттарға жүгінген. Іс бойынша қабылданған сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.

Өтініш берушінің пікірінше, моральға қайшы әрекеттің нақты құқықтық белгілері мен объективті өлшемдерінің болмауы норманы қолдану кезінде оны кеңінен, өз қалауынша түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұл оның еңбек ету және сот арқылы қорғалу құқықтарын бұзады деп санайды.

Конституциялық сот заңнамада адамгершілік саласындағы нормативтік бағдарлар, соның ішінде педагогикалық әдепке қойылатын арнайы талаптар мен оларды бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленгенін атап өтті.

Соттың түсіндіруінше, "моральға қайшы әрекет" ұғымы өзінің табиғаты бойынша бағалауды қажет етеді. Сондықтан оның мазмұнын нақты әрекеттердің толық әрі түпкілікті тізімімен шектеу мүмкін емес. Теріс қылыққа баға беру кезінде нақты істің мән-жайлары, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және кәсіби жағдайлар ескерілуге тиіс.

Сот бұл ұғымның нормативтік тұрғыдан жеткілікті дәрежеде айқындалғанын және оны нақты мән-жайларды ескере отырып қолдануға болатынын қорытындылады.

Сондай-ақ Конституциялық сот өтініш берушінің келісу комиссиясына және соттарға жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғаудың заңда көзделген тетіктерін пайдаланғанын атап өтті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!