Тексерулер мен ірі айыппұлдар: Алматы кәсіпкерлеріне шұғыл ескерту жасалды

14:37, 13 қазан 2026
MKZ: 1572066

© Фото: Zakon.kz

Алматыдағы кәсіпкерлерге алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) мәліметінше, алаяқтар WhatsApp, Telegram және басқа да платформаларда департамент қызметкерлері мен басшылығының атынан жалған аккаунттар ашып, жалған ақпарат таратып жүр.

"Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге, денсаулық сақтау нысандарына және басқа да кәсіпкерлік субъектілеріне алаяқтар хабарласып, тексеру жүргіземіз деп қорқытады. Сондай-ақ мәселені "шешіп беру" үшін ақша талап ететін жағдайлар кездеседі", – делінген хабарламада.

Алматылықтардан белгісіз нөмірлерден хабарласып, өздерін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыратын және тексеру жүргізетінін айтатын адамдарға сенбеу сұралды.

"Ең алдымен, олардың мемлекеттік қызметші екенін растайтын қызметтік куәлігін (ID-картасын) көрсетуді талап етіңіз. Сондай-ақ ақпаратты нақтылау үшін департаменттің ішкі қауіпсіздік бөліміне (+7 727 385 3515) хабарласуға болады", – деп мәлімдеді СЭБД.

Департамент өкілдері ірі көлемде айыппұл салынатынын айтып қоңырау шалатын адамдардың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органының қызметкерлері емес екенін ескертті. Себебі нағыз қызметкерлер заң талаптарын сақтайды және заңсыз әрекеттерге баруды талап етпейді.

Осындай жағдайлар анықталған кезде СЭБД құқық қорғау органдарына немесе департаменттің ішкі қауіпсіздік бөліміне дереу хабарласуды сұрайды.

Бұған дейін полиция қазақстандықтарды интернет арқылы жалға берілетін пәтер іздеген кезде жасалатын алаяқтық туралы ескерткен болатын. Алаяқтар жоқ пәтерлерді алдын ала төлем алу арқылы жалға беруді ұсынады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!