Таяуда жол апатынан қайтыс болған танымал үш спортшыға қатысты тың дерек жарияланды

14:51, 4 тамыз 2020

Жамбыл облысында үш жас спортшы жігіт көлік апатына ұшырады. 23 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан чемпионы Жақсыбек Қарабалаев, Ресейде үш дүркін Олимпиада чемпионы Бувайсар Сайтиевтің жүлдесі үшін өткен халықаралық беделді турнирдің жеңімпазы Ілияс Жұмай мен Жанбота Байбазар оқиға орнында қайтыс болды, тағы екі спортшы - Шыңғысхан Мұхаметқалиев пен Зауытбек Нұрдәулет жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.

Жол апаты Жамбыл облысы Қордай ауылының аумағында болғандығы белгілі. Одан басқа мәліметтер жоқ. Осы жігіттермен тікелей жұмыс істеген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәкен Закиров Sporttime басылымына берген сұхбатында қайтыс болған палуандарды былай еске алды.

- Мен оларды бала күнінен білемін, мектеп жасында-ақ Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт колледжіне келіп түсті, жаттықтырушылары болдым. Олардың халықаралық турнирлердегі алғашқы жетістіктері де есте. Жас, талантты, өршіл және болашағы зор балалар еді, әлем чемпионаты мен Қазақстан үшін Олимпиада ойындарында алтын аламын деп армандаған оғландарымыз еді, әттең. Жақсыбек Қарабалаев ел құрамасының көшбасшысы болуға сенімді қадам басып келе жатты, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы болды, 23 жасқа дейінгілер арасында Республика чемпионатының жеңімпазы болды. Ілияс Жұмай - бұл біздің күресіміздің бөлек тұлғасы. Жарқын, дарынды, харизмасы мықты жас. Оны еркін күрестің суреткер шебері деп атауға болады, өйткені Ілияс кілемде қайталанбас күресті көрсетті. Ол кез-келген техниканы оңай түсініп, кілемде оны сәтті қолданатын. Көрдіңіз бе, Қазақстандық еркін күрестің болашағын құра алатын жігіттерден айырылып қалып отырмыз. Мен өзімнің атымнан және бүкіл күрес қауымдастығы атынан балалардың отбасы мен достарына шын жүректен көңіл айтамын, - деді Сәкен Закиров үлкен қынжылыспен.

Бүгін Олимпиада чемпионы, 70 жасында қайтыс болған әйгілі палуан - марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің жерлеу рәсімі өтті.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!