Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына университет дәрежесі берілді

22:22, 20 қазан 2017

Еліміздегі университеттердің қатары тағы біреуімен толықты. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты бұдан былай университет дәрежесінде жұмысын жалғастырады. Оңтүстік аймақта мұғалімдер даярлайтын іргелі білім ошағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  мұражай ашып, жоғары білім беру саласын дамытуға бағытталған конгресс өткізді.

Жарты жылдық тарихы бар білім ордасында Баласағұн атындағы кешенді мұражай ашылды. Мұнда 500-ден астам жәдігерлер мен оқу орнының қалыптасу кезеңінен бергі құнды құжаттар қойылған. 

Мұражайдың ашылу салтанатына белгілі ғалымдар, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ұстаздар мен түлектер жиналды. Олар бүгінгі күнге дейін қызмет етіп, білім беру ісіне сүбелі үлес қосқан тұлғалардың еңбегін келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында аманат хатын қалдырды. Мемориалды тақтайша астына бекітілген капсуланы кейінгі буын 2067 жылы ашып оқитын болады. Ғалымдар бұл «Рухани жаңғырудың» жалғасы дейді. 

Дария Қожамжарова, ТарМПУ ректоры:

-Бұл 50 жылдың ішінде әсіресе соңғы 3-4 жылдың ішінде Тараз мемлекеттік институтының оқытушы-профессорлар құрамының ғылымға деген үлес салмағы және мектепке деген дуалды оқыту жүйесі және сырт мемлекеттермен қарым-қатынасы ерекше өсті деп айта аламын. Және ол жөнінде жұмыстар атқарып жатырмыз.

Шара кезінде Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мемлекеттерінің жоғарғы оқу орындары халықаралық ғылыми журналын шығару туралы келісімге қол қойды. Мақсат түркі әлеміндегі ғылыми зерттеулер нәтижелерін жариялап, ғалымдардың өзара зерттеу жұмыстарымен бөлісуге жағдай жасау болып отыр. Басылым әр тоқсан сайын 5 тілде жарық көреді деп жоспарланған.

Енвер Капаган, Қарабюк университетінің профессоры /Түркия/:

-Қарым-қатынастарымыз бар. Ғылыми тұрғыда ерекше болған барлық еңбектер – біз үшін қымбат еңбектер. Мұғалімдер ауыстыру, шәкірттерді ауыстыру, ортақ журнал басқа да ортақ пікірлеріміз бар. Ортақ ойларымызды, ортақ  іс-шара атқарамыз. Бұйырса мұнан кейін де арттыруға әркеттенеміз.

Іргелі оқу орнында білім беру жөніндегі бірінші халықаралық конгресс ұйымдастырылды. Басқосуда ғылыми ізденісті жандандырып, өзара тығыз қарым-қатынас орнату жайы сөз болды.  Шара соңында үздік ұстаздар марапатталды. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!