Су асты роботтары 11 жыл бұрын жұмбақ жағдайда жоғалған рейстің іздеу жұмыстарын қайта бастайды

11:54, 5 желтоқсан 2025

© Сурет: wikipedia

Malaysia Airlines әуекомпаниясының MH370 рейсі 2014 жылғы 8 наурызда жоғалған еді. Boeing 777 ұшағы жергілікті уақытпен 00:41-де Куала-Лумпурдан Бейжіңге бағыт алған, бортта 239 адам болған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұшақты соңғы рет 02:14-те әскери радар көрген, сол кезде ол Малакка бұғазының үстімен батысқа қарай бұрылып бара жатқан. Шамамен жарты сағаттан кейін әуе компаниясы бортпен байланыс үзілгенін растады. Ұшақ Бейжіңге 06:30 шамасында қонуы тиіс болған.

Малайзияның Көлік министрлігі MH370 рейсін іздеу жұмыстарын 30 желтоқсанда қайта бастайтынын мәлімдеді. Бұл қадам авиация тарихындағы ең ұзақ әрі құпияға толы оқиғалардың бірін ашуға бағытталған маңызды кезең болмақ.

Теңіз робототехникасына маманданған америкалық Ocean Infinity компаниясы 55 күндік жаңа іздеу кезеңін бастайды. Жұмыстар теңіз жағдайына байланысты үзіліспен жүргізіледі. Министрлік операция ұшақты табу ықтималдығы ең жоғары аймақтарда жүргізілетінін, бірақ нақты координаттардың құпия сақталатынын атап өтті.

Бұл шешім Ocean Infinity компаниясымен "нәтиже үшін төлем" қағидаты бойынша жасалған келісімнен кейін қабылданған. Яғни компанияға 70 миллион доллар тек ұшақтың сынықтары табылған жағдайда ғана төленеді.

MH370 жолаушыларының арасында Малайзияның 12 экипаж мүшесі мен Қытай, Австралия, Үндістан, Франция, АҚШ және басқа да елдердің азаматтары болған.

Бұған дейін АҚШ-та ұшу кезінде жас жігіт ұшақтың есігін ашып жібермек болып, төтенше жағдай тудырғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!