«Сіз кімсіз өзі?»: павлодарлық шенеунік қызметкерлерімен дөрекі сөйлескен

13:07, 20 наурыз 2026

© Фото: pixabay

Павлодарда қол астындығыларымен дөрекі сөйлескен шенеунікті жазалау ұсынылды. Әдеп жөніндегі кеңесте облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Сәменқұловтың ісі қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Irbistv.kz басылымының мәліметіне сәйкес, аталған шенеунікке қатысты қызметтік тексеру жүргізілген. Тексеруге себеп – оның жиналыс кезінде қызметкерлерге дөрекі сөйлегені туралы шағым. Дәлел ретінде диктофонға жазылған аудиожазба ұсынылған.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Амангелді Хамзиннің айтуынша, жазбада балағат сөздер жоқ болғанымен, шенеуніктің сөйлеу мәнерінен менмендік анық байқалады.

"Ол: "Сіз кімсіз өзі?", "Атыңыз кім?" деп бір сұрақты қайта-қайта қоя берген. Бұл нені білдіреді? Ол кемінде 4 жылдан бері бірге жұмыс істеп жүрген қызметкері ғой, есінде сақтауға болатын еді. Мұндай менмендік мемлекеттік қызметшіге тән емес", – деп атап өтті.

Қызметтік тексеру нәтижесінде шенеуніктің әрекеті әдеп нормаларына сай емес екені анықталған. Алайда Айдын Сәменқұлов өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, шағым тек бір бөлім қызметкерлерінен түскен, ал басқа бөлімдегілер керісінше оны жақтаған.

Сондай-ақ ол бұл жағдайды өзінің кәсіби қызметімен байланыстыруы мүмкін екенін айтты. Жақында Бельгияда тағылымдамадан өтіп келгенін және Әділет министрлігі оған басқа өңірде қызмет ұсынғанын, бірақ одан бас тартқанын жеткізді.

Соған қарамастан, әдеп кеңесінің мүшелері шенеунікке ұжымда өзін сабырлы ұстауға, әсіресе әйел қызметкерлермен дөрекі сөйлеспеуге кеңес берді. Оның орынсыз, дөрекі қарым-қатынасы дәлелденгендіктен, келтірген уәждері ескерілмеді. Нәтижесінде, Айдын Сәменқұловқа қатаң сөгіс беру ұсынылды.

Бұған дейін Алматы тұрғыны терроризмге қатысқаны үшін 8 жылға сотталғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!