Шетелдікке тиген қазақ қыздары бақытты ма?

15:30, 15 маусым 2020
752

Қазақ жігіттері қыздарды сыйламайды! Осындай ұстанымдағы қаракөздеріміз өзге елдің ерлеріне өзеуреп, опық жеуде! Жат жердің азаматымен бақытты боламын деп, артынша баз кешкен бұрымдыларымыздың оқиғасы әртүрлі. Бірі жиған-тергенінен айырылып қана қоймай қарызға белшесінен батса, енді бірі өзі дүниеге әкелген ұл-қыздарын елге қайтара алмай әлек.

Бөгде мемлекетте бақытын тапқандар да жоқ емес, әрине! Бірақ олардың да айтары бар сияқты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Эйфэль мұнарасының жанында фотосессия жасатып, некесін қидыру көптеген қыздардың арманы. Өкініштісі сол - олар қазақ жігітіне емес, шетел жігітіне күйеуге шығуды армандайды. Мақсаттары - солармен бақытты ғұмыр кешіп, шетелде өмір сүру.

Шетелдікке тұрмысқа шығып, бақытты өмір сүріп жатқан қазақ қыздарының бірі - Жанна Карбоне. Алайда ол алғашында тәрбиеден аса алмай, итальяндық әріптесімен шаңырақ көтеруге жүрексініпті. Десе де, бірте-бірте сезімі оянғасын махаббат - ұлтқа, дінге, тілге қарамайды деген тұжырымға келген. Бұл күнде сол үмітінің ақталғанына қуанышты.

Жанна Карбоне, қала тұрғыны:

"Франческо екеуміз бірге жұмыс істедік. Ол үнемі менің көңілімді тапқысы келетін. Басында мен оған мүмкіндік бермедім. Өйткені бізді шетел азаматына тұрмысқа шығуға болмайды, ол дұрыс емес деп тәрбиеледі. Бірақ, махаббат пен өзара сенім болса тәуекелге бару керек. Бір жыл бойы ауырып жатқанымда Франческо мені тастап кетпеді, қамқор болып, мені сүйетінін дәлелдеді. Сол кезде анам: "қызым, өзіңді сүйетін азаматқа тұрмысқа шық" деп ақ батасын берді".

Осылайша, Франческо мен Жаннаның отасқандарына он алты жыл болған. Жұбайлық өмірлерінің бес жылы Италияда өтсе, 11 жылдан бері Оралда тұрып жатыр. Үш бала өсіріп, тәрбиелеуде.

Алайда, қоғам белсендісі Оразкүл Асанқызы саусақпен санарлық мұндай мысалдардан шетелдікке тиген қыздардың бәрі бақытта өмір сүріп жатыр деуге болмайды дейді. Опық жеп, өкінгеніп жүргендерді де көп көрінеді.

Оразкүл Асанқызы, қоғам қайраткері:

"Қазір статистиканы көріп отырмыз. Алғаш "Болашақпен" барып, қаншауы жылап келді. Жылап келгенде де Құдай берген перзентін алып келе алмай еңіреп келген қыздар бар. Сондықтан шетел деген, шетелдің жігіттері бай деген, мұның бәрі әшейін."Мен жоқ жерде жақсы" дейді ғой. Сондықтан солай көрінеді".

Ал танымал блогер Арай Әлімхан шетелдікке тұрмысқа шыққысы келетін бойжеткендер жайлы бүй дейді.

Арай Әлімхан, инфлюенсер:

"Шетел азаматына күйеуге тиемін деп талпынып жүрген қыз балалар болатын болса, онда олардың өздерінің мақсаты болар. Біз бір-бірімізді көріп танысып, арамызда махаббат бар және солай күйеуге тидім. Бірақ, менде ондай ой болған емес. Қазақтың көп қыздары шетелге асып кетіп жатады. Мүмкін, бақыт іздеп кететін шығар. Бірақ, көптеген жаңалықтардан естуімізше, бақыт емес опасыздыққа тап болып жатады. Менің ойымша, өйтіп бақыт іздеудің қажеті жоқ. Кездесетін адамды өзіңіз кездестіресіз. Және шетелдің ер адамы өзіміздің ер адамнан еш айырмашылығы жоқ".

Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев бақытты болу ұлтқа байланысты емес дейді. Оның пікірінше, айналасынан адамгершілігі мол, жар болуға лайықты ер азамат таба алмаған бойжеткендер өзге ұлттан бақытын тауып жатса оның еш сөкеттігі жоқ.

Ержан Мырзабаев, отбасы психологы:

"Менің сондай бірнеше клиенттерім болды. Яғни, шетел азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ келіншектері. Өзінің жеке шаруасына келген, отбасы қатынастарын емес. Жолдасы өзге ұлт өкілі. Неге деген кезде: "қазақ ер-азаматтары қыздарды бағаламайды, қадірлемейді, сыйламайды, жалпы қызбен қандай қарым-қатынас құру керек екенін білмейді. Ал өзін бағалайтын сыйлайтын ер азамат таба алмаған қыздардың шетелдіктермен үйленуін айыптайды".

Иә, айыптайтындар көп біздің қоғамда. Бірақ, бұған бірыңғай бойжеткендер ғана кінәлі ме?

Оразкүл Асанқызы, қоғам қайраткері:

"Біздің қыздарымыз жат елдікке тұрмысқа шығып жатса, ол қыздардың кінәсі емес, ол біздің жігіттердің кінәсі. Қыздарымыз өзге ұлтқа, өзге елге кетіп жатса, біздің жігіттерімізге сын бұл. Жігіттер өзіміздің жақсы қыздарымызды жат жұрттыққа жібермеу керек. Егер өзінің ауылынан өзіне лайық ер азамат табылып жатса қыздар басқа жаққа лағып несі бар? Сол қыздарды бақытты ете алмай жүрген еліміздің жігіттеріне сын".

Иә, бақытын бөтен елден, басқа ұлттан тапқысы келетін бойжеткендер күн санап артып келеді.

Алайда, өзге жұрттың азаматының етегінен ұстағанның бәрі бірдей жырғап жүрген жоқ. Бармақ тістеп, жапа шегіп жатқандары баршылық. "Үлде мен бүлдеге ораймын" деген сөзге сеніп, тағдыры талқан болған қыздар қаншама? Қайтпек керек? "Жаман еркектің басын төрге сүйрейтін" қыздарымызда қайтсек көбейтеміз?

Оразкүл Асанқызы, қоғам қайраткері:

"Негізі бұл отбасындағы ұлттық құндылықтарды айтудан ғой. Барлық нәрсе тәрбиеден. Ата-әженің, әке-шешенің тәрбиесінде. Қыздар да кейін ойлау керек. Сондықтан қыздарға айтарым: өзіміздің қара домалақ қазақтың жігітіне тұрмысқа шығу керек. Қара домалақ қазақтың санын көбейту керек".


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір