Шерзат Полаттың өлімі: Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша тергеу жүріп жатыр

11:47, 28 қазан 2024

© Фото: Zakon.kz

ҚР Ішкі істер министрлігі Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу қандай баптар бойынша жүргізіліп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министр Ержан Сәденовтің депутаттық сауалға берген жауабында көрсетілгендей, тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша жүргізілуде:

Талғар қаласында орын алған Ш.Полаттың өліміне қатысты Алматы облысының Полиция департаменті Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істер тіркеліп, тергелуде.

"Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлеріде жұмыс істеуде", — деп айтты Ержан Сәденов.

Алғашқыда оқиғаның себебіне қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әртүрлі мәліметтердің көп таралуына байланысты министрлік белгіленген тәртіпте (Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сай) ағымдағы жылдың 15 қазанында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, кейбір тергеу мәліметтерін жария етті.

Брифинг қоғамды алаңдатқан кейбір мәселелерді қамтыды. Қазіргі танда қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынды.

Тергеу жалғасуда, оның барысында оқиға болған жерде болған басқада адамдардың қатыстылығы тексеріліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.

"Жалпы қазір еліміздегі криминогендік ахуал тұрақты, ішкі істер органдары Мемлекет Басшысының еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын орындау аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кешенді шаралар атқаруда", — деп атап өтті министр.

2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғарда жаппай төбелес болып, оның барысында 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды.

12 қазанға қараған түні марқұм жасөспірімнің отбасының үйі өртеніп кеткен. Осы оқиғадан кейін бірден оқиға орнында жедел штаб құрылып, отбасы қорғауға алынды.

15 қазанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша ұсталғандар саны 10 адамға жеткені белгілі болды.

18 қазанда Алматы облыстық полиция департаменті Шерзат Болаттың өліміне қатысты тағы бір күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!