Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау ережесі жаңартылды

13:38, 28 қазан 2024

© Фото: pexels

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2024 жылғы 21 қазандағы бұйрықпен Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аттестаттау мыналарды қамтиды:

  • әңгімелесуден өту;
  • аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімін шығару.

Аттестаттауға келген кезде әлеуметтік қызметкер кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты және өзінің жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) цифрлық жеке куәлікті ұсынады.

Аттестаттау комиссиясы аттестаттаудан өту алдында әлеуметтік қызметкерді аттестаттау кезеңдерін өткізу тәртібі және олардың ұзақтығы туралы хабардар етеді.

Әлеуметтік қызметкер өз таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде аттестаттаудан өтеді.

Аттестаттауды өткізу кезінде әлеуметтік қызметкердің анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиеттерді қағаз, электрондық және өзге де жеткізгіштерде, қабылдайтын-беретін электрондық құрылғыларды (оның ішінде ұялы телефондар мен өзге де электрондық жабдықтарды) пайдалануына жол берілмейді.

Мұндай құрылғылар әңгімелесуден өту кезінде ұяшықтары бар арнайы шкафтарда сақтауға орналастырылады.

Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда аттестаттау комиссиясы әлеуметтік қызметкерді аттестаттаудан шеттете отырып, бұзушылық туралы акт жасайды.

Әлеуметтік қызметкер аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелдi себептер бойынша (еңбекке уақытша қабiлетсiздiк кезеңiнде, демалыста болған кезеңiнде, кәмелетке толмаған балалардың сырқаты кезiнде, жақын туысы қайтыс болған кезде, іссапарда жүргенде) келе алмаған жағдайды қоспағанда, келмеген жағдайда, ол аттестатталмаған болып есептеледi.

Әлеуметтік қызметкер дәлелді себеппен аттестаттау комиссиясының отырысына келмеген жағдайда, оны аттестаттау мәселесін қарау ол жұмысқа шыққан күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімге ауыстырылады.

Сондай-ақ, біліктілік санатын беру (растау) үшін әлеуметтік қызметкер уәкілетті органға "кәсіптік біліктілік туралы" Заңға сәйкес кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты ұсынатыны қосылды.

Бұйрық 2024 жылғы 5 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!