Шала туған сәбилерді кім құтқарады?
© Сурет: pixabay
17 қарашада Халықаралық шала туған балалар күні атап өтілді. Алматының өзінде ғана әрбір 12-ші бала мерзімінен бұрын туылады, ал мұндай сәбилердің күтімі – өте күрделі және жауапты міндет.
Жыл сайын әлемде 15 миллион бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді – бұл барлық туылғандардың 10%-дан астамы. Ал Алматыда жыл сайын 37 аптаға дейінгі мерзімде 5 мыңға жуық бала туылады, олардың 250-ден астамының дене салмағы өте төмен – 1000 грамға дейін.
Шала туылу жаңа туған нәрестелердің және жалпы балалар өлімінің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Ең үлкен қауіп-қатер тобына жоғарыда аталған салмағы 1 келіден аз балалар жатады. Оларды құтқару үшін күрделі жабдықтар, қымбат дәрі-дәрмектер, жоғары білікті медициналық қызметкерлер қажет.
Алматының бас штаттан тыс педиатр-неонатологы Елена Плужникованың айтуынша, созылмалы соматикалық патологияның, бұрын мерзімінен бұрын босанудың, зиянды әдеттердің немесе өндірістегі кәсіптік зияндардың, құрсақішілік инфекцияның болуы мерзімінен бұрын босануға әкелуі мүмкін. Алайда, себебін анықтау мүмкін болмайтын жағдайлар да болады.
Тәуелсіздік алған жылы Қазақстанда сәбилердің шетінеу көрсеткіші 23 промилле деңгейінде болды. Бұл тірі туылған 1000 баланың 23-і қайтыс болды дегенді білдіреді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс неонатологы Бектұрған Қариннің мәлімдеуінше, 2021 жылы бұл көрсеткіш 5 промиллені, ал 2023 жылы 4,3 промиллені құрады. Яғни, 30 жыл ішінде неонаталдық өлім-жітімді бес есеге азайтуға мүмкіндік туды. Бұл Орталық Азияның барлық елдерінің ішіндегі ең төменгі деңгей.
Алматы қалалық перинаталдық орталығы директорының неонаталдық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлайым Байтанатова бұл қызмет мамандарының қиын жұмысы туралы айтып берді.
Оның сөзінше, перинаталдық орталықта баланың денсаулығына қатысты нақты проблемаларға бағытталған мамандар жұмыс істейді. Мысалы, офтальмологтар белгілі бір патологияны жіберіп алмау үшін нәрестені бақылау мерзімдерін нақты біледі, уақытылы медициналық көмек көрсетеді.
"Ата-аналар жаңа туған нәрестенің жағдайы, оны емдеу тактикасы, аурудың ерекшеліктері туралы толық ақпарат алады және бала күтіміне тікелей қатысады. Нәрестенің шала туылуы ата-аналар үшін тек материалдық және физикалық қолдауды ғана емес, сонымен қатар психологиялық көмекті де қажет ететін ауыр күйзеліс", – дейді Гүлайым Байтанатова.
Белгілі болғандай, мұндай жағдайға тап болған ата-аналарға қолдау көрсететін еріктілер де бар. Олар шала туған балаларға аранп киім тоқиды, қайырымдылық көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, мерзімінен туған баланың күтіміне бар күш-жігерін жұмсап, күндіз-түні талмай еңбек ететін перинаталдық орталық қызметкерлерінің ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Ұлы физик Исаак Ньютон, әйгілі неміс ақыны Иоган Вольфганг Гете, ұлы қолбасшы Наполеон Бонапарт, америкалық жазушы Марк Твен, саясаткер Уинстон Черчилль, физик-математик Альберт Эйнштейн – осы көрнекті тұлғаларды не байланыстыратынын білесіз бе? Олардың барлығы мерзімінен бұрын туылған.
Жоғарыда аталған тұлғалардың және жалпы, шала туған нәрестелердің қандай да бір кемшілігі туралы айту әрине, қисынсыз. Абырой болғанда, Қазақстанда бұл тақырыпта ешбір дау-дамай жоқ. Ал мәселен, жақында көршілес Ресейде балалардың шетінеуімен күресуге қатысты жанжал басталды.
Нақты айтқанда, Башқұрт мемлекеттік медицина университеті психиатрия кафедрасының меңгерушісі Владимир Юлдашев республика басшысы жанындағы ғылыми кеңес отырысында шала туылған балаларды құтқарудан бас тартуға шақырып, "біз Құдайдың ісіне араласып жатырмыз" деген пікір айтқан екен. Әлбетте, оның бұл мәлімдемесі қоғам ішінде қызу дау тудырды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:50, 31 мамыр 2026
Маңғыстау облысында ұлыбританиялық туристер мінген автокөлік сорға батып қалды
-
17:00, 31 мамыр 2026
Астанада 16 жастағы қыз тоғызыншы қабаттан құлап кете жаздады
-
16:52, 31 мамыр 2026
Астана, Алматы және Шымкентте жаздың алғашқы күндері күн райы қандай болады
-
16:43, 31 мамыр 2026
Қостанай тұрғындарының біразы уақытша суық сусыз қалды
-
15:57, 31 мамыр 2026
40 градус ыстық: жаздың алғашқы күнінде қай өңірлерде ескерту жасалды





