Сарыағашта 9 шипажай салынады

10:31, 25 мамыр 2018

Алматы. 25 мамыр. 7kun.kz – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданындағы сапары кезінде әуелі Көктерек кентіндегі шипажайлар аумағында орналасқан «Асем-Ай» минералды сусын өндіретін зауыттың жұмысымен танысты.

Кәсіпорын бүгінде сағатына 20 мың дана өнім өндіреді. 8 гектар аумақта орналасқан зауытта 80-ге жуық адам жұмыс істейді.

Ауданның өндірістік қуаты мен туристік әлеуетін таныстырған аймақ басшысы Қайрат Әбдуәлиев бүгінде Қазақстаннан бөлек, көрші мемлекеттерден Сарыағаш өңірінің шипалы суын іздеп келетін туристер саны артып келе жатқандығын айтты.

«2018 жылдың І тоқсанының өзінде Сарыағаш ауданына келушілер саны 34 100 адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,1 пайызға артып отыр.  Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында 20 қонақ үй, 12 мәдени-тарихи нысан, 1 балалар шипажайы мен лагері және 26 емдік-сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді. 2018 жылдың І тоқсанында ауданда 2 шипажай іске қосылса, жалпы 2018-2023 жылдары аралығында 9 шипажай салу жоспарланып отыр», – деді Қайрат Әбдуәлиев

Облыс әкімі шипажайлардың санын көбейтуде әуелі демалушыларға қажетті жағдай жасау керектігін жеткізді.

«Сарыағаш өңірінде туризмді дамыту үшін ауданның әлеуеті жетеді. Мұнда төрткүл дүниеге белгілі шипалы суы бар, инфрақұрылым мәселесі шешілген. Әрине шипажайлар санының артқандығы келушілердің көбейгендігін көрсетеді. Мәселен, бүгінгі таңда облыс бойынша 190 қонақ үй, 44 шипажай, 61 демалыс аймағы, 19 балалар сауықтыру лагері және 104 туристік ұйым бар. Бастысы, аталған орындарда келушілерге жоғары қызмет көрсету сапасын назарда ұстау қажет», – деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туризм саласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жол картасы бекітілген болатын. Осы ретте облыстың 35 танымал туристік нысанында халықаралық стандартқа сәйкес цифрлық QR төлқұжаттар орнатылған. Осы төлқұжаттар арқылы келуші туристер нысан бойынша 6 тілде жылдам әрі ыңғайлы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!