Сайлау өтті. Уәде бергіш партиялар қайда?
© Сурет: видеодан кадр
Саяси науқан алдында сеңдей соғысып жүрген партиялар көрінбей кетті. Халықтың дауысы қажет кезде құрдай жорғалап, сайлаудан соң қарасы бататын кандидаттар қазір қайда жүр? Әлде олар саяси доданың сәнін келтіру үшін сәндидат ретінде қатысты ма?
Мұхтар Түменбай, журналист, саясаттанушы:
Әрине, партиялардың қазір белсенділігі саябырсыды. Оның бірнеше себебін айтуға болады. Партиялар бізде қашанда науқаншыл. Сайлау алдында, 1-2 көрінеді. Содан соң басылады.
Иә, толассыз іс-шаралар да, халықпен кездесу-жүздесу де сайлау бітісімен сап тыйылды. Үш ай тым аз уақыт дерсіз, бірақ халыққа берілген уәделер сол айтылған жерде қалып қоймауы керек қой. Сонымен, партиялар қайда жүр?
Берік Дүйсенбинов, депутат, "Aq Jol" фракциясының мүшесі:
Сайлаудан кейін партиялар көрінбей кетті деген бекер сөз шығар. Өйткені жұмыс істеу шартының өзі солай болып кетті ғой. Барлығы осы ауруға, індетті болып отыр. Мониторингтік топтар дейді ғой. Біз көтерген соңғы 5-6 сауалдың өзі осыған байланысты. Пандемия ертең болса, бүрсігүні аяқталуы керек. Ал біздің кәсіпкерлеріміз індет аяқталған кезде онсыз да әлсіреп тұрған кәсіпкерлер мүлдем шарасыз қалмауы керек.
"Адалдықтар" да науқан кезіндегі қарқыннан айнымадық дейді. Елімізде өзекті болып тұрған бірқатар мәселенің айналасында жұмыстар атқарып жатыр екен.
Нұрлыбек Мұқанов, "Адал" партиясының өңірлік сұрақтар бойынша хатшысы:
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған 4-5 облыстағы нақты әйел адамдармен кездестік. Олардың ой-пікірін алдық. Бұдан біз түйгеніміз, мойындау керек, бұл проблеманың тілі қазақ тілі, және олардың көп орын алатын жері ауылдық жерлер көбіне. Ал осы маңызды заңды талқылаудың тек қана 12 пайызы қазақ тілінде өткен. Ал проблема қазақ тіліндегі азаматтар мен азаматшаларға тиісті болып отыр. Осы екі ұстанымды Мәжіліске жеткіздік.
Бас партия "Нұр Отан" пандемия жағдайына қарамастан, тұрғындардың шағымын онлайн түрде қабылдауды тоқтатқан жоқпыз дейді. Оған қоса, сайлауалды берілген уәделердің бірнешеуін орындап бастапты.
Дәулет Кәрібек, "Nur Otan" партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Өздеріңіз білесіздер, егер әкімдіктерде, министрліктерде азаматтардың мәселелері шешілмей жатса, ол азамат кайда барады? Осы 10 қаңтардан бері бізге 800-ден астам өтініш келіп түскен. Оның 700-дейін 1 аптаның ішінде шешсек, 106-сы ұзақ мерзімді.
Саяси дода алдында атын да, затын да жаңартқан "Қазақстан халық партиясы" сайлауалды бағдарламаға енген 10 бағытты қолға алдық дейді. Саяси ұйымның Парламенттегі өкілдері Мәжіліс мінберлерінде осы сауалдарды қаузап жүр.
Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Қазақстан халық партиясы" фракциясының мүшесі:
Әр депутат өзінің шама-шарқы келгенше, сайлауалды бағдарламада бөлінген тақырыптарды бөліп, ішінара аймақтарға шығып, адамдардың әлеуметтік проблемаларын шамасы келгенше көтеріп жатқан жайы бар. Осы уақытқа дейін партия 37-ге жуық депутаттық сауал жолдады.
Мұхтар Түменбай, журналист, саясаттанушы:
Толықтай заң жүзінде жоба ұсынған партияны көрмедім мен. Өз тарапынан заңды қорытып, шығарып, парламентке ұсынған. Ал ауызбен орақ ора беруге болады әрине. Кез келген партияның артында халқы болуы керек. Біздегі партиялардың көбісінің басшылары да номиналды, мүшелері де номиналды!
Иә, сайлау аяқталса да, партиялардың қызметі бір орында тұралап қалмаған тәрізді. Тек халық алдында берілген уәделер құрғақ сөз болып қалмаса игі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
12:26, 23 қараша 2024
Израиль әуе күштері Бейрутқа тағы әуеден соққы берді - 11 адам қаза тапты
-
11:32, 23 қараша 2024
Астана тұрғындарына қала көгінде әскери ұшақтар пайда болатыны ескертілді
-
11:07, 23 қараша 2024
Енді қоңырау шалған алаяқтармен сөйлесіп жатудың қажеті жоқ, мұны Дейзи апаға тапсырыңыз
-
10:51, 23 қараша 2024
Павлодар облысының тұрғыны желдегі видеодағы әрекеті үшін қомақты айыппұл арқалады
-
10:36, 23 қараша 2024
ҚР мен Ресей ауылшаруашылығы министрлері өз саласындағы өзекті мәселелерді талқылады