Путинцева Аделаидада әлемнің бұрынғы 2-ракеткасын қапы қалдырып, ширек финалға шықты

21:45, 8 қаңтар 2025

© Сурет: ktf.kz

Қазақстанның екінші, әлемнің 25-ракеткасы Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстандық теннисші 1/8 финалда әлемнің 40-ракеткасы, дүниежүзілік рейтингіде кезінде 2-орынға дейін көтерілген тунистік, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін финалисі Онс Жабермен бетпе-бет келді.

Бірінші партияда Путинцева 3:0 есебімен алға кетті. Кейін өз геймін беріп қойғанымен, тағы екі брейк жасады – 6:2. Екінші сетті де Юлия брейкпен бастады – 2:0. Ақыры матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.

Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, 20 жастағы ресейлік Диана Шнайдермен кездеседі.

Ал Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Анна Данилина Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге ширек финалда америкалықтар Эшлин Крюгер — Джессика Пегуламен кездесуі керек еді. Алайда америкалық жұп матчқа келмей қалды да, Данилина — Хромачева жартылай финалға ойнамастан өтті.

Қазақстандық-ресейлік жұп финалға шығу үшін бразилиялық Беатрис Хаддад Майя — германиялық Лаура Зигемундпен кездеседі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!