Прокуратура тексерісінен кейін мемлекетке жүздеген миллион теңгенің мүлкі мен жер телімдері қайтарылды

09:54, 25 маусым 2026

© Фото: pexels

Атырау облысында жүргізілген тексеру нәтижесінде мемлекет меншігіне құны 700 миллион теңгеден асатын мүлік пен жер телімдері қайтарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыстық прокуратураның 2026 жылғы 25 маусымдағы мәліметінше, жер қатынастары және мемлекеттік мүлікті басқару салаларындағы заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында сенімгерлік басқарудың тиімсіз жүзеге асырылғаны анықталған.

Атап айтқанда, жергілікті атқарушы орган құны 93,7 миллион теңге болатын жертөле үй-жайын жеке кәсіпкердің сенімгерлік басқаруына берген.

Алайда кәсіпкер келісімшарт талаптарын орындамағанына қарамастан, уәкілетті орган ұзақ уақыт бойы нысанды кері қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдамаған.

Осыған байланысты прокуратура заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіп, сондай-ақ осыған ұқсас өзге де жағдайларды қарастыруды талап етті.

Нәтижесінде мемлекет балансына жалпы құны 400 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандары қайтарылды.

Бұдан бөлек, жер пайдалану саласындағы тәртіпті реттеу бойынша да шаралар қабылданды.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған, жалпы құны 300 миллион теңгені құрайтын 28 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Айта кетейік, бұған дейін инвестициялық жобаның жүзеге аспауына байланысты Есік көліндегі бөгеттің де мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!