Өскеменде жол ережесін өрескел бұзған жүргізушінің көлігі айып тұрағына қойылды

10:57, 25 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz/Оксана Даирова

Шығыс Қазақстан облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жас жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиғаның мән-жайын 2026 жылғы 25 маусымда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялады.

Полицияның мәліметінше, тексеруге құқық бұзушының өзі әлеуметтік желіге жүктеген бейнежазба негіз болған.

"Бейнежазбада жеңіл көлік жүргізушісінің қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамастан жол жүргені және қызыл-көк түсті жарқылдауық шамдарды заңсыз пайдаланғаны көрінеді", – делінген хабарламада.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушінің жеке басын жедел анықтады. Ол облыс орталығының 18 жастағы тұрғыны болып шыққан.

Жас жүргізушіге қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материалдар рәсімделіп, сотқа жолданды. Ал оның көлігі сот шешімі шыққанға дейін арнайы айып тұрағына қойылды.

Полицияның мәліметінше, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушінің тағдырын енді сот шешеді. Оған қолданылуы мүмкін жазалардың бірі – көлік жүргізу құқығынан айыру.

Құқық қорғау органдары мұндай қасақана және қауіпті құқық бұзушылықтар ерекше бақылауда екенін атап өтті.

"Жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысы заң талаптарын сақтауға міндетті. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекетке қатаң түрде тосқауыл қойылады", – деді Өскемен қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Ғабит Әбенов.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына бақылауды күшейту және электросамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!