Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты
© Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде ерекше қонақжайлық көрсеткен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен біртуған қырғыз халқына шынайы ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ "Ынтымақ Ордо" ғимаратында өтіп жатқан алқалы жиын Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды.
– Бұл – мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында атқарылған шараларға тоқталды.
– Қазақстан Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде "TURKTIME!" ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскен.
– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз "Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік" тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – деді Президент.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:13, 6 қараша 2024
Әділет министрлігі Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспарын ұсынды
-
16:06, 6 қараша 2024
Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруда жаңа ережелер енгізілді
-
15:43, 6 қараша 2024
Уақыттың өзгеруіне байланысты сабақтар қысқарды: оқушылар үшін қайтадан жазғы мектептер ұйымдастырылуы мүмкін
-
15:21, 6 қараша 2024
Маңғыстауда 700-дей науқас жәрдемақыдан айырылған
-
15:09, 6 қараша 2024
Шымкентте алимент төлеуден жалтарған борышкерлер сотталды