Президент мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйледі

12:58, 6 мамыр 2026

© Сурет: akorda.kz

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент өз сөзінде қос мерекенің мән-мазмұны үндес, тағылымы ортақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл күндері еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеліп, ел қорғап жүрген азаматтарға құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым жасалады.

Мемлекет басшысы қазақ халқының тарихына тоқталып, ел тағдыры сынға түскен сәттерде батыр бабаларымыздың бір тудың астына жиналып, жұртын қорғағанын атап өтті.

"Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз", – деді Президент.

Сондай-ақ Президент Конституцияның маңызына тоқталып, оның мемлекет тәуелсіздігі мен тұрақтылығының берік кепілі екенін айтты.

"Бас құжатта халқымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен құндылықтары көрініс тапты. Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғам бірлігін нығайту – бұлжымас қағидат ретінде айқындалды", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті.

"Біз Заң мен тәртіп үстемдік құратын, баршаға бірдей мүмкіндік берілетін Әділетті, Қуатты, Өркениетті мемлекет құру жолына бет алдық. Қазақстанның мақсаты – биік, бағыты – айқын. Ырысты ынтымағымыз бен берекелі бірлігімізді сақтай білсек, біз міндетті түрде осы мұратымызға жетеміз", – деді Президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!