Париж келісімі барлық елді өркениетті түрде дамуға міндеттейді

09:58, 4 қараша 2016

Ертең Париж келісімі заңды күшіне енеді. Бұл – жер шарындағы бар елді климаттың өзгеруіне қарсы күресуге заңды түрде міндеттейтін маңызды құжат.

Қазақстан Парламенті бұл келісімді өткен айда ратификациялады. Енді осы мойынға алған міндетті іске асыру үшін біз ұлттық іс-әрекет жоспарын әзірлейміз. Париж климаттық келісімі әлемге не береді, оны орындамаса не болады? 

Әбдез Рахманұлы, тілші

-Париж келісімі – халықаралық орнықты даму стратегиясының бір бөлігі. Орнықты даму ол табиғатпен үйлесімді өмір сүру деген сөз. Егер әлем бүгінгідей жоспарсыз, жауапкершіліксіз дамыса, біраз жылдан соң жер шарында ауа райы қалыптағыдан 5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл экологиялық апатқа алып келеді.

Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының президенті 

-Өсімдіктер, жануарлар бәрі қырылады. Сондықтан бірінші мәселе – табиғатты қорғау, ауа райын дұрыстау. Оған ынта керек.

Париж келісімі ынтаның бар екенін көрсетті. Әлемде зиянды газды ең көп шығаратын ел – Қытай. Жер шарының тез жылынуына ықпал ететін бар газдың 22,3 пайызы осы елдің кәсіпорындары, көліктерінің үлесінде. АҚШ-тың үлесінде 19,9 пайыз, Үндістан 5,5, ал Ресей 5,2 пайыз зиянды газ шығарады. Қалған барлық елдердің үлесінде 47,1 пайыз бар.

Париж келісімі барлық елді айналамен үйлесімді, табиғатты бүлдірмей, өркениетті түрде дамуға міндеттейді. Өндірісі зиянды газ шығаратын кәсіпорындарды инновациялық технологияларды қолдану арқылы жаңа деңгейге көтеруді ынталандырады.

Елімізде жалпы электр энергиясының 70 пайызын жылу стансаларында көмір жағып өндіреді екенбіз, яғни түтін көп. Сол себепті де қуат өндіру саласына құрылымдық өзгерістер жасау керек. Оған қоса, көмір өнеркәсібін қалай, қай бағытта дамытатынымыз туралы да ойлану керек.

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Мұндағы басты проблема экономикамызға салқынын тигізбей экологияны сақтап, саралап қалу болып отыр. Қазақстанның газ шығындыларын 15 пайыздан 25 пайызға дейін азайту көзделген. Бірақ барлық теңгерімді өлшегенде, Қазақстанның үлесі 1 пайыздан да төмен.

Париж климаттық келісіміне орай Қазақстан 2030 жылға дейін зиянды газын шығаруды өз еркімен 15 пайызға азайтатын болды. Егер Халықаралық ұйымдар көмектессе, 25 пайызға азайта алатынын да ескертті. Ол үшін 2050 жылға дейін өндірілетін бар энергияның жартысы баламалы қуат болады. Бұл бағытта «жасыл экономика» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр.

Ал ендігі жылы өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің жетістіктері таза энергия өндіруге серпін береді деген болжам бар. Бұл айтылғандар Қазақстанда табиғатпен тіл табысып, дамуға деген ниет, ынта бар екенін көрсетеді. 

Дереккөз: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!