Пара таеквондодан Әлем чемпионы Нышан Өмірәлінің неден көз жұмғаны белгілі болды

22:21, 2 қазан 2024

© Сурет: Zakon.kz

Паратаеквондошы Нышан Өмірәлінің дүниеден өткенін алдымен Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады. Кейіннен полиция бұл фактіні растап, қайғылы оқиғаға қатысты тың дерек ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Өкінішке қарай, қаралы хабарды естідік...Тағдырдың талай қиындығын көрсе де мойымаған, жаны жайсаң Нышан Өмірәлі мәңгілік мекеніне аттаныпты. Пара таеквондодан екі дүркін Әлем чемпионы (Мәскеу, 2014, Лондон, 2017), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Хошимин-2022), пара Азия ойындарының күміс жүлдегері (Ханчжоу-2023), екі дүркін Паралимпиада ойындарына қатысушысы. Аз ғана ғұмырында талай игі ісімен көптің көңілінде қалған Нышанның жақындарына көңіл айтамын. Жаратқан панасына алсын", деп жазды Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибрагимов Facebook-тегі парақшасында.

Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі қайғылы оқиға 1 қазанда сағат 22.15 шамасында "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" республикалық маңыздағы тас жолдың 542-шақырымында болғанын хабарлады. Аталған жол учаскесінде Түркістан облысынан Тараз қаласына қарай бағыт алған "Ниссан Максима" маркалы автокөлік түйемен соқтығысқан.

"Көлікте жүргізуші жалғыз болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен ер адам Тараздағы ауруханаға бара жатқанда жолда жан тапсырды. Полиция қызметкерлері ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Жауапкершілікке тарту үшін мал иесін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", делінген полиция хабарламасында.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!