Оңтүстік Кореяда қазақтың халық ертегісі сахналанды

18:44, 23 сәуір 2017

Кореялық көрермен бұл қойылымды жылы қабылдады. Бүгінде оны 30 елді мекен халқы тамашалап үлгерді.

Ертегіні «Азия» мәдени орталығы аударған. Алдағы уақытта олар тағы бірнеше қазақ ертегісін корей тілінде сөйлетуді жоспарлап отыр. «Азия» орталығы Кванджуда орналасқан.

Орталықтың мұрағатында Қазақстандағы корей диаспорасының өкілі белгілі композитор Тен Чудың шығармалары жинақталған. Ол осы Кванджуда туғанымен, саналы ғұмырын қазақ жерінде өткізді. Қыздар педагогикалық институтында, Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде абыроймен қызмет атқарды. Тен Чу осыдан 4 жыл бұрын дүниеден озды.

Пан Сон Гю, Азия мәдени орталығының президенті:

-Біздің орталық 2015 жылдың соңында ашылды. Әзірге Қазақстанның мәдениеті туралы жинаған материалдарымыз аса көп емес. Сондықтан қазір сіздердің мәдениет және спорт министрлігімен келісіп жатырмыз. Олар да бізге көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Әзірге кәріс тіліне қазақтың «Жезтырнақ» «Пері және Мамай» ертегілері аударылды және сахналанды.

Қойылым желісіне сәйкес, бір отбасы жаңа қонысқа көшеді. Ал баланың жақсы көретін ойыншығы бұрынғы үйінде қалып қояды. Ертегі желісі соны тауып әкелуге аттанған баланың басынан кешкен оқиғаларынан құрылған.

Чой Джин И,  «Азия» мәдени орталығы тобының жетекшісі:

-Біз спектальді қою барысында қазақ халқының мәдениетімен етене жақын таныстық. Қазақтардың салт-дәстүрлері туралы деректер жинадық. Қуыршақтарды да өзіміз жасадық. Заманауи аудио- және бейнетехника сәтті қолданылды. Қойылым қаланың тағы бірнеше театрында сахналанатын болады.

Биыл Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Осы айтулы күнге орай «Азия» мәдени орталығы қазақстандық жазушылар мен суретшілердің көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар олар қазақ ертегілерінің жинағын басып шығармақ.

Хабар 24

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!