ОҚО-ның Саналы ауылы нарыққа күніне мың тонна шұбат шығарады

21:56, 18 тамыз 2017

Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданында жаппай түйе ұстайтын ауыл бар. Саналы елді-мекенін жұрт «қымыранның кені» деп те атайды. Осы ауылдан күніне 1000 тонна шұбат дайындалып, қалаға тасымалданады. Бір қызығы мұндағы түйлердің көбі бір өркешті. 

Саналы жантағы мол түйе өсіруге өте қолайлы елді мекен. Мұнда негізінен бір өркешті түйе басым. «Ойсылқараның бұл тұқымы сүтті әрі етті келеді», – дейді ауыл тұрғындары.

Эльвира Дарманбекованың күнделікті әуелгі жұмысы осы қорадан басталады. Шелегін алып жақындағаннан жануар да сүт беруге даяр тұрады. Бұл қожалықта 50 бас түйе бар. Оның 20-сы сауынды. Күніне 80-90 литр шұбат алады. Кәсібінің нәсібін көрген шаруа келешекте мал басын жүзге жеткізбек ойда.

Эльвира Дарманбекова, Саналы ауылының тұрғыны:

-Осы шаруа қожалықта 14 адам жұмыс істейміз. Мемлекеттің көмегімен субсидия бөлінеді. 

Саналының қымыранына құда түсушілер көп. Алыстан келіп көтерме бағамен алып жатқандар да бар.

Абдуманнат Алмамедов, кәсіпкер:

-Қымыранды біріншіден, тамақтың «қоразы» дейді. Пайғамбарымыздың өзінің ең сүйікті тағамының бірі осы қымыран болса, екіншісі қара құрма болған. Құдай берекесін берген тамақ. Сүтін емге ішеміз.

Шағын ғана бұл ауылда жүзден аса түтін бар. Бәрі де түйе ұстайды. Халқы жаппай бір кәсіппен шұғылданатын Саналыға қызыға қарайтындар да көп. 

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!