Наурыз айынан бері алғаш рет доллар 500 теңгеден төмен түсті: сарапшылар қандай пікірді

11:15, 5 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанда доллар бағамы сегіз айда алғаш рет 500 теңгеден төмендеді. Ұлттық банк 5 желтоқсанда бекіткен ресми курс – 499,65 теңге. Мұндай төмен деңгей соңғы рет 28 наурызда тіркелген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бірінші кредиттік бюро аналитиктерінің жазуынша, АҚШ валютасының әлсіреуі қатарынан үш күн жалғасқан, орта есеппен тәулігіне 0,9%-ға төмендеген. Нәтижесінде 2 желтоқсаннан бері доллар 2,7% немесе 13,8 теңгеге арзандады. Ұзағырақ мерзімді қарастырсақ, 2 қазандағы тарихи максимумнан (549,15 теңге) бері доллар шамамен 9%-ға әлсіреп, 49,5 теңгеге арзандаған.

Ұлттық банк теңгенің күшеюін өзінің қалыпты қатаң ақша-несие саясатының әсерімен байланыстырады. Ведомство мәліметінше, инфляциялық күтулер жақсарып, теңгемен номиналданған қаржы құралдарының нақты табыстылығы артқан.

Айта кетсек, 10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді (+1,5 п.п.), ал 28 қарашада оны өзгеріссіз қалдырды.

Аналитиктердің айтуынша, теңгенің нығаюына қосымша әсер еткен фактор – қазан-қараша айларында жүзеге асырылған "айна операциялары" аясында Ұлттық банктің долларды көп көлемде сатуы. Бұл операциялар ақша нарығындағы өтімділікті теңгеруге бағытталған. Яғни, отандық өндірушілерден алтын сатып алу үшін шығарылған теңге көлемін теңгеру мақсатында дәл сондай мөлшерде валюта нарыққа сатылады. Бұған дейін өтімділікті алу көлемі эмиссиядан қалып келе жатқан, ал айна операциялары осы теңгерімсіздікті жоюға тиіс.

Реттеуші мұндай операциялар желтоқсанда да жалғасатынын хабарлаған.

Соңғы үш күнде теңге еуроға қатысты да күшейді. 5 желтоқсандағы ресми курс – 582,89 теңге. Бұл 2 желтоқсанмен салыстырғанда 2,4%-ға немесе 14,1 теңгеге төмен. Қазан айының басынан бері еуро да доллар секілді әлсіреп, 1 қазандағы максимумымен салыстырғанда 9,6%-ға түскен.

Ал ресей рублі бойынша тұрақты үрдіс байқалмайды – динамика құбылмалы күйінде қалуда. 5 желтоқсандағы курс 6,47 теңгені құрайды (тәулігіне -0,2%).

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!