Мысыр визалық талаптарды күшейтеді: жаңа шектеулер қазақстандық туристерге әсер ете ме
© Сурет: Zakon.kz.
Орталық Азияның кейбір елдерінен баратын туристер жаңа визалық қиындықтарға тап болмақ. Ал қазақстандықтар Қызыл теңіз жағалауындағы демалысын бұрынғыдай жоспарлай алады. Мысырға кіру ережелеріндегі өзгерістер оларға әсер етпейді. Толығырақ Zakon.kz материалынан оқыңыз.
Қызыл теңіз жағалауында, маржан рифтері мен шығыс табиғатының аясында, ежелгі Мысырдың құпияларымен танысып жүргеніңізді елестетіп көріңізші. Осындай саяхатты армандайтындар үшін жақсы жаңалық бар. Орталық Азияның кейбір елдері азаматтарының Мысырға кіру талаптары күшейтілгенімен, Қазақстан азаматтары үшін бұл елдің есігі бұрынғыдай ашық. Жаңа шектеулер қазақстандық туристерге қолданылмайды. Демек, Мысырға саяхаттау жоспарына еш кедергі жоқ.
"ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Мысырға ресми сапарының қорытындысы бойынша Қазақстанды Мысыр тарапы туристік мақсатта келетін азаматтарына қосымша талаптар қоятын Орталық Азия мемлекеттерінің тізімінен шығару туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл ҚР СІМ-нің ресми мәлімдемелерімен расталды", – деді "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей.
2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары Мысырға сапарға шығар алдында бірқатар қосымша талаптарды орындауы керек. Енді визаны елшілік арқылы алдын ала рәсімдеу қажет болады. Ал өз бетінше саяхаттайтын туристер қаржылық мүмкіндігін растауға тиіс. Оның үстіне, талап етілетін қаражат көлемі де аз емес.
Мәселен, 40 жастан асқан саяхатшылардың қолында кемінде 3000 доллар (2026 жылғы 30 қазандағы бағам бойынша шамамен 1 365 000 теңге) болуы керек. Отбасылар үшін бұл сома 5000 долларға (шамамен 2 273 500 теңге) дейін ұлғаяды. Ал 40 жасқа толмаған туристерге елге тек жақын туыстарының еріп жүруімен кіруге рұқсат етіледі. Ал Қазақстанның көрші елдеріндегі жағдай қандай?
Өзбекстан да бұл талаптарды жеңілдетуге қол жеткізді. Елдің Сыртқы істер министрлігі уақытша кейінге шегеру туралы келісімге келген. Осылайша, өзбекстандық туристерге арналған жаңа ережелер 2026 жылғы 1 қарашадан емес, 2027 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді.
Демек, көрші елдердің тұрғындары демалыс жоспарларын қайта қарауға мәжбүр болса, қазақстандықтар Мысырға бұрынғы тәртіппен бара алады.
Қазақстандықтар Мысырға барар алдында нені білуі керек?
Шетелдік паспорт: Мысырға кірген күннен бастап кемінде алты ай жарамды болуы керек.
21 жасқа толмағандар: елге тек әкесі немесе анасымен бірге кіре алады.
Туристік жолдамамен саяхаттау: визаны әдетте Мысырға келген соң әуежайдан алуға болады.
Виза құны: шамамен 30 доллар.
Синай түбегіне арналған тегін мөртаңба: Шарм-эш-Шейх әуежайында рәсімделеді және 15 күнге дейін болуға мүмкіндік береді.
Алайда маңызды шарт бар: бұл мөртаңбамен турист тек Синай түбегінің аумағында ғана жүре алады. Каирге, Луксорға немесе Хургадаға баруға рұқсат жоқ.
"Қолма-қол ақша мен қонақүйді брондау мәселесіне келсек, ұйымдастырылған туристік топ құрамында сапарлайтын Қазақстан азаматтарына өзімен бірге белгілі бір мөлшерде қолма-қол ақша алып жүру, қонақүй бронін растау немесе телефон нөмірін көрсету міндеттелмейді", – деп түсіндірді Инна Рей.
Қысқасы, иә, қазақстандық туристер үшін Мысырда бұрынғы визалық тәртіп сақталады. Көрші елдердің азаматтарына енгізілгендей, қолма-қол 3000-5000 доллар алып жүру, турды тек белгілі бір туроператорлардан сатып алу немесе жаңа жас шектеулерін сақтау талап етілмейді.
"Қазақстан азаматтары Мысырда туристік визамен 30 күнге дейін бола алады. Синай түбегіндегі курорттарға ұшып келетіндер үшін аймақта 15 күнге дейін болуға мүмкіндік беретін тегін Синай мөртаңбасы қарастырылған. 1 қарашадан кейінгі сапарларға келсек, ұйымдастырылған турларды сатып алатын қазақстандықтар үшін жаңа шектеулерге байланысты қосымша қауіп жоқ. Ақылы тур мен кері билет елге кірудің жалпы талаптарын жоймайды. Алайда Орталық Азияның бірқатар мемлекеттеріне енгізілген жаңа ережелер Қазақстан азаматтарына қолданылмайды. Өз бетінше саяхаттайтындар визаны дұрыс рәсімдеп, қажетті құжаттарды алдын ала дайындауы керек. Бұл жағдайда елге кіру кезінде қиындық туындау қаупі барынша азаяды", – деді Инна Рей.
"Аладдин" мультфильміндегі әнде айтылатын араб түні мен ғажайып Шығыс қазақстандық туристер үшін бұрынғыдай қолжетімді. Ең бастысы – сапар алдында елге кірудің қолданыстағы ережелерін нақтылап, визаны дұрыс рәсімдеу және паспорттың жарамдылық мерзімін тексеру.
Инна Рей Мысырдың негізгі туристік бағыттары бойынша өзекті ақпаратпен бөлісті:
- Шарм-эш-Шейх: егер тек Синай түбегінде демалуды жоспарласаңыз, тегін Синай мөртаңбасымен кіре аласыз. Сондай-ақ кәдімгі туристік визаны рәсімдеуге болады.
- Хургада мен Каир: толыққанды туристік виза қажет.
- Синай түбегінен тыс жерлерге экскурсия: Каир немесе Луксор сияқты Мысырдың басқа қалаларына барғыңыз келсе, толық туристік виза рәсімдеуіңіз керек.
Ендеше, чемодан жинай беруге болады. Алда Қызыл теңіздің су асты әлемі, ежелгі пирамидалардың құпиялары, ұлы перғауындардың ізі мен ғасырлар бойы талай сырды сақтап келе жатқан Мысыр аңыздары күтіп тұр.
Қазақстандық туристер үшін бұл шығыс еліне саяхат бұрынғы ережелер бойынша қолжетімді. Енді тек ұшу күнін таңдап, тарих пен бүгінгі күн тоғысқан ғажайып сапарға дайындалу қалды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:42, 30 қазан 2026
Таразда жолда есіксіз кетіп бара жатқан Volkswagen полиция назарына ілікті
-
17:34, 30 қазан 2026
Cадақ атудан Азия кубогы: Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль еншіледі
-
17:23, 30 қазан 2026
«Қар жауып, көктайғақ болады». Еліміз бойынша 31 қазанға арналған ауа райы болжамы
-
17:04, 30 қазан 2026
Тоқаевтың Түркияға ресми сапары аяқталды
-
16:58, 30 қазан 2026
1 қарашадан бастап Алматыдағы Солтүстік айналма жолы маңында қозғалыс шектеледі





