Мұғалімнің мәртебесін қалай арттыруға болады?

12:01, 22 сәуір 2019

Білім беру саласындағы сарапшылардың пайымдауынша, соңғы жылдары балалардың мінез-құлықтары күрт өзгерген және оқыту барысында бұрын-соңды пайдаланылған педагогикалық әдістер бүгінде жүзеге аспайды. Әдетте мектеп оқушыларына жиі дауыс көтеретін қатал образдағы мұғалімнің оқушылар арасында беделі төмен. Осы орайда, мектеп оқушылары өздері жақсы көріп, құрметтейтін мұғалімдер қандай болулары керек екендігі туралы өз ой-пікірлерімен бөліседі.


Мұғалім мәртебесі неліктен төмендеп кетті?

«Мұғалім әлемдегі барлық нәрсені біледі... Мектепте қатал тәртіп орнатылуы тиіс... Әрбір есептің жалғыз ғана тиімді шешімі болады, сондықтан оны жаттап ал да, барлық жағдайда соған сәйкес әрекет ет. Сенің сәттілікке жетуің сол ережелерді қаншалықты ұстанатыңдығына ғана байланысты. «Қажет» деген ұғым, «қалаймын» дегеннен жоғары қойылуы тиіс...» Мұндай стиль Францияның классикалық гимназиялары мен Ұлыбританияның көптеген жеке мектептерінде күні бүгінге дейін сақталған. Алайда, аталған әдіс барлығына бірдей жарай бермейді. Өйткені ешбір мотивация болмаған жағдайда қажет материалды тез игеріп алу оңайға соқпайтындығы белгілі. Бүгінгі таңда барлық жасөспірімдер үшін телефон мен интернет қолжетімді. Егер түсініксіз мағлұмат немесе қандай да бір тақырып қызығушылық тудырып жатса, YouTube арқылы сәйкесінше видео қарап алу мүмкіндігі бар. Демек, оқу бағдарламасын тек мұғалімнің көмегімен ғана игеруге болады деген жансақ пікір, бағдарламаны қосымша түрде өзіміз де игере алады екенбіз.

Заман ағымына сәйкес көптеген жасөспірімдер сабақ уақытында смарт құрылғылар мен телефон пайдаланады. Сәйкесінше тақырып бойынша бейнесабақтарды да үйде отырып-ақ ғаламтор арқылы көріп алып, мектептегі мұғалімнің түсіндіргенімен қоса қосымша білім алу мүмкін болып отыр. Көп ата-аналар балалары үшін репититор жалдайды, өйткені сыныптағы оқушылардың көптігінен тақырып барлығына бірдей толық көлемде жете бермейді.  

 

Қандай мұғалімнің мәртебесі ешқашан көтерілмейді?

Ең алдымен, оқу үлгеріміне байланысты емес, белсенді әрі бақуатты отбасылардан шыққан оқушыларға көп көңіл бөліп, керісінше аса белсенді емес әрі орташа отбасынан шыққан балаларға назар аудармайтын мұғалім. Біз өз кезегімізде сабаққа дайындалып келіп, мұғалімдеріміздің көңілдерінен шығуға тырысамыз,  өйткені біз үшін мұғалім мәртебесі үнемі жоғары және мұғалімнің барлық оқушылармен бірдей қарым-қатынаста болғанын қалаймыз. Мысалы, біздің сынып жетекшіміз: «Сендердің орыс тілі бойынша емтиханды қалай тапсыратындықтарыңда шаруам жоқ, үйде өз беттеріңше дайындалыңдар» дейді. Мұғалімнен осындай сөздерді естігенде оқушылардың арасында реніш туындап жатады. 

Сонымен қатар, кейбір мұғалімдер оқушыларға қатысты дөрекілік танытып жатады.  Мәселен, оқушының берілген сұраққа бір рет дұрыс жауап қайтармағаны үшін мұғалім оған дауыс көтеруі мүмкін. Немесе оқушы сабаққа сәл кешігіп келсе, мұғалім оған бүкіл сыныптың көзінше дауыс көтереді. Мұғалімнің қаһарға мініп, айқайға басуына жол беретіндей оқушы ештеңе жасамаған болса да, осы жағдайлардан кейін бұл оқушының сыныптастары арасында беделі төмендеп, оқушының қатты күйзеліске түсуі әбден мүмкін.

 

Мұғалім өз мәртебесін арттыруы үшін келбеті мен киім кию үлгісіне назар аударуы керек пе?

Соңғы үлгідегі киімдерді киіп, сәнқой болудың қажеттілігі шамалы. Алайда, мұғалімнің киімі үнемі тап-таза болуы керек. Шыны керек, кейде киім кию, шаш қою үлгісі ұстаз бейнесіне сәйкес келмейтін мұғалімдер де кездеседі. Ондай мұғалімнің оқушылар арасында мәртебесі төмен. Негізінде оқушылар үшін мұғалімнің үстіндегі киімнің қымбаттылығы мен сәнділігі маңызды емес. Бір мезетке көз алдыңызға жастарға арналған киімдегі 40-50 жастағы мұғалімді елестетіп көріңізші. Шынымен де, күлкілі емес пе?! Оқушылар мұндай мұғалімдерді есуас деп есептеп, сыртынан күле қарайтын болады. Өз мәртебесін түсіріп алмауға тырысатын мұғалім ондай киім үлгісіне жол бермейді. Өйткені егер оқушы мектеп стиліне сәйкес емес киініп келсе, бұл да мұғалімдер тарапынан үлкен наразылық тудырып жатады емес пе?!

 

Ағайындық пен достық ұғымдары арасындағы шекара қайда?

Егер мұғалім Сізге жақсы қарым-қатынас жасап, сіздің бағаңызды жоғарылататын болса, босаңсып кетпей, мұғалімнің үмітін ақтау үшін одан әрі тырысыңыз. Бірақ мұғалімнің жақсы қарым-қатынас жасайтындығын басынып, пайдаланып қалатын оқушылар да болады. Бұл жағдайда оқушылар мұғалімнен бағаны сұрап алып, лайықсыз болса да, мұғалімді бестік баға қоюға міндетті деп есептейді. Осы кезде басқа оқушылардың алдында мұғалім мәртебесі күрт төмендеп кетеді. Дәл осындай оқушылар алдағы уақытта мұғалімнің сыныптағы басқа оқушылармен, жалпы мектепте жұмыс жасауына кедергі тудырады. 

Мұның қалай алдын алуға болады? Ең бастысы – мұндай әрекетке жол бермеу қажет. Мұғалім міндетті түрде оқушыны тыңдай білуі тиіс, кейде кеңес беріп, қолдау көрсеткені жөн. Алайда мұғалім мен оқушы арасындағы жақсы қарым-қатынасты мектептегі оқу үрдісінде пайдаланудың қажеті жоқ. Қалай болғанда да оқушымен қарым-қатынаста мұғалім ересек тәлімгер болып қала беруге міндетті.   

 

Оқушылар құрметтейтін мұғалімдер қандай?

Әрине, барлық мұғалімдер құрметке лайық екені сөзсіз. Бірақ, оқушылар ерекше құрметтейтін мұғалімдер де болады. Олар бір қарағанда жұмсақ көрінгенімен, өте білікті де білімді ұстаздар. Ерекше құрметке лайық мұғалім қандай да бір тақырыпты оңай қырынан түсіндіріп, оқушыларды өз пәнімен қызықтыра алады. Өйткені мектеп бағдарламасын бірден түсіне қою бәрінен бірдей қолынан келе бермейді.

Мұғалімдердің оқушылармен бір толқында болуы маңызды. «Тәртіп» пен «достық» ұғымдары арасында үйлесімділік тауып, бұл екі ұғымның арасындағы шекараны ажырата алатын мұғалімдер бар. Сондай мұғалімдерді оқушылар жақсы көріп, құрметтейді.  

Айгүл ТӘШЕТОВА


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!