Миллиондап пара алған «Қазтеміртранс» АҚ-тың лауазымды тұлғалары сотталды

18:57, 18 наурыз 2024

© Фото: zakon.kz

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сыбайлас жемқорлық ісі бойынша "Қазтеміртранс" АҚ филиалдарының 4 басшысына және 16 кәсіпкерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының ақпаратына сәйкес, тергеу органы таққан айып:

  • С. бірнеше рет айтарлықтай мөлшерде пара алды (ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы);
  • А. - бірнеше рет айтарлықтай мөлшерде пара алуға көмектесті және бірнеше рет айтарлықтай мөлшерде пара алды (ҚК 28-бабы 5-бөлігі - 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы, 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы);
  • Е. - бірнеше рет айтарлықтай мөлшерде пара алуға жәрдемдесті (ҚК 28-бабының 5-бөлігі - 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы);
  • К. - бірнеше рет ірі мөлшерде пара алды (ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 3,4) тармақтары);
  • Р. - ірі мөлшерде пара берді (ҚК 367-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы);
  • 15 кәсіпкер - пара берді деп айыпталды (ҚК 367-бабы).
"Іс материалдарына сәйкес, 2019-2022 жылдары аталған филиалдардың директорлары С., А. және К. жүктерді тасымалдау үшін қажетті вагондардың тапшылығы кезінде жүк жөнелтушілерден вагондарды кедергісіз өткізіп және жалпы қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде пара алып отырған. Іс бойынша пара алудың 18 фактісі анықталды", делінген хабарламада.

Алынған паралардың жалпы сомасы:

  • сотталушы С. - 13 млн 225 мың теңге;
  • сотталушы А. - 3 млн 480 мың теңге;
  • сотталушы К. - 19 млн 710 мың теңге.
"Кәсіпкер Р. жалпы сомасы 9 млн 879 мың теңгеге, яғни ірі мөлшерде вагондар бергені үшін пара берді. Сотталушылардың кінәсі пара берушілердің айғақтарымен, ақша қаражатының аударылғанын растайтын түбіртектермен, вагондарды беруге өтінімдермен, сондай-ақ арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен дәлелденді", делінген сот хабарламасында.

Соттың шешімі

  • ҚР ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігі және 367-бөлігі 3-бөлігі айыппұл немесе 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді. Сот жаза тағайындау барысында шын жүректен өкінуді, сотталушылардың жас және кәмелетке толмаған балаларының болуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
  • Сот С-ны ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы, К-ны ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 3,4) тармақтары бойынша кінәлі деп танып, оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
  • А. ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі – 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы, 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы және қылмыстардың жиынтығы бойынша (ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі) кінәлі деп танып, 7 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
  • Р. ҚР ҚК-нің 367-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оның кәмелетке толмаған балаларының, созылмалы жүрек ауруының болуын ескере отырып, сот оны айрықша мән-жай деп танып және ҚК 55-бабының 4-бөлігі негізінде параның 5 еселенген сомасы (9 млн. 879 мың теңге), яғни 49 млн. 395 мың теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
  • Сондай-ақ сотталғандарға сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ҚК-нің 50-бабында көзделген лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды. Сонымен қатар, дәл осы үкіммен сотталушы Е. ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі - 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылды және сотталушының қайтыс болуына байланысты оған қылмыстық жаза тағайындалмады.
  • Шағын және орта бизнестің өкілдері болып табылатын қалған 15 пара берушілер шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды (ҚК 65-бабы). Сот олардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды "Қазтеміртранс" АҚ-ның лауазымды тұлғаларына тәуелді болғандықтан, сондай-ақ олар кінәларын мойындап, жасаған істеріне шын жүректен өкініп, қылмыстарды ашуға және тергеуге ықпал етулерін ескерді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!