Мәжіліс заң қабылдады: енді суррогат ана қызметіне кез келген адам тапсырыс бере алмайды

15:12, 3 маусым 2026

© Фото: pexels

2026 жылғы 3 маусымда Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бұл заң жобасы 2026 жылғы 22 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Депутат Мұқаш Искандировтың айтуынша, заң жобасын қарау барысында депутаттар аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер деңгейіне кейбір кіріс көздерін беру туралы түзетулер енгізген.

Атап айтқанда, жергілікті бюджетке берілетін түсімдер мыналар:

  • заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы. Оның бөліну тәртібін аудандық немесе облыстық маңызы бар қала мәслихаты анықтайды;
  • жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына берілетін лицензиялық алымдар. Бұл төлемдер құжаттар мемлекеттік органға тапсырылғанға дейін немесе рұқсат құжаттары алынғанға дейін төленеді;
  • қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган салатын айыппұлдар мен басқа да өндіріп алулардан түсетін қаражат. Бірақ мұнай секторындағы ұйымдарға салынған айыппұлдар бұл қатарға кірмейді.

Сонымен қатар, суррогат ана мәселесіне қатысты өзгерістер де қабылданды.

Енді суррогат ана қызметіне тек Қазақстан азаматтары болып табылатын және ресми некеде тұрған ерлі-зайыптылар ғана тапсырыс бере алады.

Бұдан бөлек, мәслихат төрағаларына қатысты жаңа шектеу енгізілді. Енді бір азамат мәслихат төрағасы болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

Заң аясында қабылданған басқа да өзгерістер:

  • инвестициялық келісімшарт жасаған инвесторлар мен стратегиялық кәсіпкерлік субъектілеріне жер телімдерін беру рәсімін жеңілдету. Яғни енді бас жоспар немесе егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары толық аяқталғанша күтпей-ақ жер бөлу мүмкіндігі қарастырылады;
  • сот сараптамасы саласындағы жеке сектордың жұмысын жүйелеу. Осыған байланысты "жеке сот сарапшысы" ұғымы енгізіледі. Бұл жаңа құрылым құру емес, бұрыннан бар тәжірибені заң жүзінде реттеу мақсатында жасалып отыр;
  • EPC+F құралын қолдану аясын кеңейту. Енді мемлекеттік органдармен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері де тапсырыс беруші бола алады;
  • "Дипломмен ауылға" бағдарламасына қатысушылар тізімін кеңейту. Бағдарламаға енді цифрлық технологиялар және архив ісі саласының мамандары да енгізіледі.

Бұған дейін мәжіліс радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заңды қабылдағанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!