Мемлекет басшысы Бельгияда тұратын отандастарымызбен кездесті

21:23, 22 маусым 2026

© Сурет: Ақорда

Брюссельге ресми сапармен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Бельгияда білім алып, жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматтарымен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында отандастарымызды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады, деп хабарлайды 2026 жылы 22 маусымда Ақорданың баспасөз қызметі.

"Жалпыхалықтық референдумда халқымыз бірауыздан, біртұтас қоғам болып Конституциямызды қолдады. Өте керемет құжат, 1 шілдеде күшіне енеді. Ата заңымыз халқымыздың темірқазығы болады. Сондықтан баршаңызды шын жүректен жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын", – деді президент.

Сонымен қатар президент шетелде білім алып, жұмыс істеп жүрген отандастарымызға қолдау білдірді.

Қазақстан азаматтары, Бельгия, кездесу, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.06.2026 21:23

Сурет: Ақорда

"Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде, бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа Негізгі заңында білім мен ғылымды және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгіленгенін айтты. Сонымен қатар жастарды бірнеше шет тілін меңгеруге шақырды.

Қазақстан азаматтары, Бельгия, кездесу, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.06.2026 21:23

Сурет: Ақорда

Отандастар оқу мен жұмыстағы жетістіктері жөнінде әңгімелеп, келешек жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, KU Leuven университетінің 3 курс студенті Әлім-Сері Махамбәтәлі Бельгиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығы, ал Аружан Болатбекова Брюссельдегі Kazakh Speaking Club қызметі туралы баяндады.

Кездесу соңында президент Бельгияда тұратын студенттер мен Қазақстан азаматтарына табыс тіледі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2026 жылы 22 маусымда Брюссельге ресми сапармен барғаны хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!