Маймылдың жаңа түрі табылды

15:14, 16 шілде 2026
MKZ: 1556470

© Сурет: journals.plos.org

Халықаралық ғалымдар тобы Конгоның тропикалық ормандарынан африкалық маймылдың жаңа түрін анықтады. Приматқа Colobus congoensis деген ғылыми атау берілді. Бұл соңғы 75 жыл ішінде Африкада табылған маймылдардың бесінші жаңа түрі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Phys.org басылымының мәліметінше, бұл маймыл Ломами мен Конго өзендерінің арасындағы адам аяғы сирек баратын қалың орманды аймақта тіршілік етеді. Ғалымдар бұл өңірде ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізгенімен, жаңа түрдің бар екенін тек 2008 жылы басталған бірнеше жылдық бақылаулардан кейін ғана нақты дәлелдей алған.

Зерттеу барысында жануардың генетикалық ерекшеліктері, дене құрылысы және шығаратын дыбыстары жан-жақты сарапталды. Нәтижесінде оның өз алдына жеке эволюциялық тармақ екені анықталды.

Жаңа анықталған колобус түрі бірнеше ерекше белгісімен ерекшеленеді: жүні жылтыр қара түсті, құйрығы ұзын, мұрны мен аузының айналасында қызғылт сары және ақшыл кілегей түсті дақтар бар. Бұл белгілер маймылдың бетіне бетперде кигендей ерекше көрініс береді. Сонымен қатар оның бас сүйегінің құрылысы, тістерінің пішіні, дауыс шығару ерекшеліктері басқа маймыл түрлерінен айқын өзгеше екені анықталған. Осы белгілер ғалымдарға оның шынымен жаңа түр екенін түпкілікті растауға мүмкіндік берді.