Махмұт Телегусов: Қаңтардағы тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар жеңіске жететініне сенімді болған

11:40, 26 қаңтар 2022
101

© Сурет: Махмут Телегусовтың жеке мұрағатынан

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде бейбіт тұрғындарды қолдауға құқық қорғау органдарының ардагерлері де атсалысты. Солардың бірі генерал-майор, "Генералдар кеңесі" РҚБ төрағасы Махмұт Телегусов Zakon.kz тілшісімен кездесіп, Алматыдағы оқиғаларға қатысты өз ойын ортаға салды.

— Махмұт Өтегенұлы, қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде өзіңіз сияқты басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери операциялар мен бітімгершілік миссияларға қатысқан, халықаралық терроризмге және қылмыстық ұйымдарға қарсы күресте үлкен тәжірибесі бар көптеген генерал мен офицерлер тұрғындарды қолдауға шықты. Алматыдағы жағдайды тұрақтандыруға атсалысуыңызға сол себеп болды ма?

— Бізде, Қазақстан тәуелсіздігінің бастауында тұрған генералдарда терроризмге, экстремизмге және басқа да қылмыстық әрекеттерге қарсы күрес бойынша жауынгерлік және қызметтік тәжірибе жеткілікті.

Генерал Мақсұт Нұриманов – Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарына және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы бітімгершілік операцияларына қатысушы, генерал Марат Мәжитов –  шекарашы, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушы. Ал мен Қазақстаннан АҚШ Орталық қолбасшылығы штабының "халықаралық терроризмге қарсы жаһандық соғыс" операциясына әлемнің 68 елінен коалициялық күштер құрамында қатыстым. Әрине, еліміз үшін осындай қиын да жауапты сәтте біз шетте қала алмадық. 

5 қаңтарда Генералдар кеңесі Жоғарғы бас қолбасшыға біздің қаламыздағы жағдайды тұрақтандыруға атсалысу үшін Алматы ардагерлер ұйымдарының біріккен штабын құрып, бар күшімізді маңызды стратегиялық маңызы бар объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсадық.

— Яғни, сіз осы оқиғалардың куәгері болдыңыз. Қалай ойлайсыз, бұл шын мәнінде терракт болды ма?

— Әрине. Біз дайындалған, ұйымдастырылған және орталықтандырылған әскери топтарға қарсы тұрдық. Бұл 4-5 қаңтарға қараған түні лаңкестердің агрессивті әрекеттері басталған кезде байқалды. Олар полиция көліктері мен әкімшілік ғимараттарды өртеп, қарусыз курсанттарды, сарбаздарды, офицерлерді, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ұрып, атқан кезде жағдайдың қиын екені түсінікті болды.  

Өкінішке орай, подполковник, әуе десанттық бригадасының командирі Сәндібек Хаиров қаза тапты. Ол әкімшілік ғимараттың жоғарғы қабатында қол астындағыларды қарусыз қорғады. Ол өртеніп кеткендіктен, денесін әскери қызметшінің арнайы белгісімен анықтауға мәжбүр болды.

Яғни, Алматы нағыз соғыс алаңына айналды: содырлар полиция, ҰҚК, прокуратура ғимараттарына, әскери бөлімдерге, аңшылық дүкендеріне және қару-жарақ пен оқ-дәрілері бар басқа да объектілерге шабуыл жасай бастады. Арнайы топтар қала маңындағы аудандарда жолды жауып, әскери қызметшілерді басып алуға тырысқан.

— Сондай-ақ, содырлар бірқатар супермаркет мен сауда орталықтарының ойранын шығарды...

 — Бұл – қарақшылар мен жұмыссыз жастардың ісі. Олар жағдайды пайдаланып, сауда нысандарын тонай бастады. Террористер дүкендерді тонамады, оларға тауарлар қажет емес. Олардың мақсаты – билікті басып алу.

Елорда мен өзге өңірлерден бірнеше мың жалдамалы содыр митингіге шыққандардың көптігін пайдаланып, әдейі жіберілгені белгілі болды. Олар Алматыны және оның аумағында орналасқан әскери бөлімдерді басып алуды, әскери қызметшілер мен қауіпсіздік күштерін өз жағына шығаруды, қаланы түгел қоршап алуды жоспарлады.

Қаладағы жағдай өте қиын болды және әскери генералдар мен офицерлер оны тұрақтандыруға белсенді қатыстық. Мәселен, Таулы Қарабақ пен Ауған соғысына қатысушылар Ирактағы ұрыс қимылдарының ардагерлерімен бірігіп, қала халқына маңызды объектілерді қорғауға алдық. Мысалы, №4 қалалық аурухана, ЖШККА, №2 балалар қалалық аурухана біздің бақылауымызда болды.

Офицерлер Әділбек Елеусізов, Фурхад Джалилов, Тайыр Тәліпов, Әсет Есенаман, Расул Дурсунов, Назар Шарханұлы және басқалары ғимараттарды күні-түні күзетті. Генерал-майор Мақсұт Нұримановтың басшылығымен жауынгерлік міндетті орындадық.

Ардагерлердің тағы бір тобы Алматыда, екінші тобы Талғарда шоғырланған. Олар әкімдіктерді қорғады, содырлар оларды басып алмауы үшін байланыс, газбен жабдықтау, электр энергиясы, қалалық су арнасы, жылу электр станцияларын қадағалады. Бұл да стратегиялық нысандар, олар үздіксіз жұмыс істеуі керек, өйткені қаланың тыныс-тіршілігі сол нысандарға тікелей байланысты. Ол жақта күзет болмағандықтан, офицерлер бақылауды күшейтті.

Офицерлердің бірі Ерлан Хайрушев террорлық шабуыл кезінде тікелей алаңда өз өмірін қатерге тігіп, атыс ортасында бейбіт азаматтарды құтқару бойынша ақпарат беріп отырды.

— Демек, бұрын әскери қызметте істеген азаматтар өз өмірлерін қатерге тігіп отыр ғой?

— Әрине. Өкінішке қарай, генерал Нариманов басқаратын ардагерлер ұйымында адам өлімі болды. Қоғам қайраткері Сәкен Битаев 6 қаңтарда алаңда жараланған адамдарды құтқарып, алған жарақаттарынан қайтыс болды. Артында отбасы, екі қызы қалды.

— Президент террористер бір командалық орталықтан бұйрық алғанын айтты. Бұл орталық қай жерде орналасқан?

– Ол Қазақстанда да, көрші елдерде де, кез келген жерде орналасуы мүмкін. Мұнда содырлар, орта және төменгі деңгейдегі командирлер, олардың орынбасарлары болуы мүмкін, бірақ көшбасшылар емес, олар өз басына қауіп төндірмейді.

Экстремистік топтарды халықаралық терроризм белсенділері, болмаса олигархтар қаржыландыруы мүмкін, себебі мұндай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру үшін үлкен қаражат керек.

— Неге біздің күштік құрылымдарымыз содырлардың шабуылына бірден тойтарыс бермеді?

— Бұл террорлық шабуылдардың ұйымдастырушылары негізінен біздің мемлекетіміздің ықпалды адамдары еді, олардың мемлекеттік билікке қарсы бағытталған құқық қорғау органдарының серіктестері болды. Бұл – ашық сатқындық. Отанымызды сатқан адамдарға қарсы күрестік. Олардың қатарында қазақстандықтар да, өзге ел азаматтары да болды.  Лаңкестер неге әуежайды басып алды? Себебі содырлардың қосымша отрядтары келуі тиіс еді. Президент өте қатаң шаралар қабылдап, бұның алдын алды.

— Кейбіреулер біздің Жоғарғы бас қолбасшымыздың ҰҚШҰ елдерінің басшыларына жүгінгенін айтып, айыптайды...

— Бұл өте дұрыс шешім болды, өйткені біз кейбір құқық қорғау органдарының өз ғимараттарын, қару-жарақ қоймаларын тапсырғанын көрдік. Ұйымдастырушылардың күш құрылымдары өкілдерімен бөлек жұмыс жүргізген сияқты, сондықтан көптеген адамдар жасырынып, көмектесудің орнына «коронавируспен ауырып қалды». Егер террористер қаланы басып алса, олар шығар еді. Олар сол сәтті күтті.

— Яғни, қастандықты ұйымдастырушылар жеңіске жететіндігіне сенімді болған ба?

— Иә, ұйымдастырушылар жоспарларының орындалатынына сенімді болған, бәрі өз сценарийі бойынша болады деп сенген, әйтпесе олар мұндай батыл қадамға бармас еді. Олар ұсақ-түйекке дейін ойластырып, ұзақ және мұқият дайындалған.  

— Қалай ойлайсыз, олар билікті басып алу үшін қайта әрекет ете ме?

 — Жоқ. Дәл қазір олар қорқып, өз тағдырларына алаңдап отыр. Олар басқаны сатып, өздері «таза» шыққысы келеді.

Сондықтан біз Жоғарғы бас қолбасшыдан қаңтардағы оқиғаларды тергеу тобына тәуелсіз ардагерлерді, соның ішінде әскери генералдарды қосуды сұраймыз. Бізде бұрынғы бас прокурорлар, құқық қорғау және күш құрылымдарының  басшылары, сауатты тергеушілер бар. Сондықтан бұл іске олардың тәжірибесін пайдалану керек.

— Алматыда лаңкестер қалды ма, әлде олар кетіп қалды деп ойлайсыз ба?

 — Олардың барлығы кетіп үлгермеді, бір бөлігі қалада жасырынып қалды. Олар қазір өздерін ұстап бермеуге тырысып жүр. Бұл тәжірибелі содырлар, олар қарапайым тұрғындармен қай кезде араласып, қай кезде көзге түспеу керектігін жақсы біледі.  

— Ұсталғандардың барлығы экстремистер, террористер, содырлар деуге бола ма?

— Әрине, жоқ. Сондықтан тергеу іс-шараларын объективті жүргізу үшін тергеушілердің құрамына құқық қорғау органдары азаматтық қоғамнан тәуелсіз заңгерлер мен құқық қорғаушыларды қосуы тиіс.

— Бүгінде терроризм мен қауіпсіздік қатері тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де өршіп тұр. Неліктен әр адам қауіп туындаған жағдайда не істеу керектігін білуі үшін халық арасында жүйелі түрде антитеррористік оқу-жаттығулар өткізілмейді?

— Басқаларға жауап бермеймін, бірақ Генералдар кеңесіне келетін болсақ, біз 2012 жылы әкімдіктің табалдырығын тоздырдық, мұндай қауіп бар екенін ескертіп, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлер ұйымдарымен, ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратурамен меморандумға қол қоюға қол жеткіздік, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық қозғалыс құрдық, мүдделі және құзыретті органдарды, дінбасыларды, БАҚ-ты тарта отырып, көптеген маңызды мақсатты іс-шаралар өткіздік.

Бірақ мұндай үлкен жауапты жұмыс тек бір қоғамдық ұйымның мойнында емес. Мұндай бастамалар мен идеялар биліктің барлық деңгейінде материалдық, ұйымдастырушылық жағынан қолдау тауып, нығайтылуы қажет, сонда ғана нәтиже болады. Егер біз мемлекетіміздің бейбітшілігі мен тыныштығын, тәуелсіздігі мен шекаралық тұтастығын сақтағымыз келсе, бәріміз терроризм мен экстремизмге қарсы күресуіміз керек.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!