Қызылордалықтар әкім Әбдіхалықованы сасық көлшікке серуенге шақырды

15:59, 8 маусым 2020
764

Қызылорда қаласындағы тұтас бір көше тұрғындары облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықованы жылан мен құрт-құмырсқаға толы көлшікке серуендеуге шақырды! Жастар көшесіндегілер бұл жерді "зообақ" деп атап кеткен. Бірақ, бұл маңда құстар мен түрлі жануарлар емес, бақа-шаян, маса мен түрлі жәндіктер қаптап жүреді екен.

Қолаңса иістен шаршап, тыныс жолдарының ауруына шалдыққан қызылордалықтар жан-жаққа арыз жазғанымызбен еш нәтиже жоқ дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұл – Қызылорда қаласына қарасты Жастар көшесінің тұрғындарының жеке зообақтары. Бұл жерден байқамай өтіп кету өте қиын. Себебі, тұрғындар мынадай арнайы тақтайша жасатқан. Әкімдердің табалдырықтарын тоздырып шаршаған тұрғындар мұны арнайы шенеуніктерге жасаттық дейді.

Айгүл Әбдібаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Құрметті облыс басшысы Гүлшара Әбдіхалықова ханым! Біз сізді, осы Жастар көшесінің тұрғындары, осы біздің зообағымызға келуіңізді сұраймыз. Асыға күтеміз, көріңіз өз көзіңізбен!

Сасық көлшіктердің ортасында тұрып, қолқаны қабатын иістен әбден зәрезап болған жұрт жергілікті биліктен көмек сұрап, шаршағандарын айтады. Сондықтан, бар үміт аймаққа жаңадан келген басшыда дейді. Ал өз күштерімен мүндай жерлерді жабуға күштері жетпейді екен. Мүңкіген иістен денсаулықтары да сыр бере бастапты.

Иса Құдайбергенов, Қызылорда қаласының тұрғыны:

"Осы жерге көшіп келгенімізге 8 жылдан асып кетті. Көшіп келгенде осы көл бар еді, денсаулығым жақсы еді. Осы жерге келгеннен кейін бронхо деген пайда болды. Мына көлдің иісінен түнде жата алмаймыз, күндіз тағы да отыра алмаймыз иісінен тұншығып, сасық иіс".

Кеудесін керіп, терең тыныстаудан қалған халық қала әкімдігіне талай арыз жазған. Ондағылар көлшіктерді жабу үшін құрылыс компанияларын міндеттеген. Бірнеше КамАз құм төгілгенімен, жұмыс аяқсыз қалыпты. Салдарынан бақа-шаян қаптап, шыбын-шіркей көбейген. Тіпті, жылан да пайда болыпты.

Айгүл Әбдібаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

"Кешке кірпі, күндіз жылан оның үстіне үлкен-үлкен крысалар жүреді. Соның барлығы деген зиян. Крысалар деген секіріп, балаларға атылады. Ана жерді ашып қалсан крыса, мына жерді ашып қалсан үлкен-үлкен тышқандар".

Кенжегүл Қадырова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

"Оның маңайына жолау мүмкін емес. Балаларымыз қасына барып ойнай да алмайды. Масасының өзі шаққан жерге қып-қызыл ірің пайда болып, су пайда болады. Мұның барлығы нағыз эпидемияның ошақы деп есептейміз".

Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, қалада жерасты суынан пайда болған 24 көлшік бар. Алайда, ондай жерлердің иелерін анықтауда қиындық туған. Табылғандарына ескерту жасалғанымен, олар көлшіктерді жабуға құлықсыз көрінеді.

Ерлан Бердібаев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

"Мынау Сырдария өзенінің ұлтаның тазалау жұмыстары басталып жатыр. Ол жерден көптеген құм шығады таза. Сол құмдарды қай жаққа орналастыру жөнінде бізде келісілген келісім бар. Яғни, осындай көлшіктердің орның тізбесін жұмылдыру басқармасына арнайы хатпен беріп қойдық. Олар құмды қалай шығара бастайды сол құммен барлығын көмеміз".

Осылайша шенеуніктер екі айдың ішінде барлық көлшіктерді жабамыз деп отыр. Оның ішінде Жастар көшесіндегілері де бар. Күн ысыған сайын сасық иіске тұншығып отырған жұрт уәде тағы да аяқсыз қалмасы екен деп алаңдаулы.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір