Қырықоба, Тақсай қорғандарының зерттелуі ерте көшпелілер өркениетінің өркендегенін көрсетті
Тарихымызды түгендеп, тамырымызды танып білуде археологиялық жұмыстардың орны орасан.
Мәселен, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысы аумағында көне шаһарлардың жұрнағы табылуы орта ғасырда мұнда қала мәдениеті дамығанын дәлелдеді. Қырықоба, Тақсай қорғандарының зерттелуі өңірде ерте көшпелілер өркениеті өркендегенін көрсетті. Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бастамасына сай тарихи ескерткіштердің, киелі орындардың мән-маңызы зерттеліп жатыр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
– Сан ғасырдың құпиясын қойнына қысып, қалғып жатқан қорғандар Орал өңірінде аз емес. Солардың бірі – Теректі ауданындағы Тақсай кешені. 2012 жылы осы жерден «Алтын ханшайым» табылған болатын. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, содан бері мұнда археологиялық жұмыстар белсенді жүріп жатыр.
Диаметрі 44 метрлік оба – кешендегі зерттеуге іліккен үшінші нысан. Қазір ондаған кетпен бірнеше мыңжылдықтың тозаңын төңкеріп тастап, тарих тұңғиығына тереңдеп барады. Айналасынан жылқы сүйектері табылған. Ортасы қызыл саздан күйдірілген. Соған қарап мамандар мұның біздің дәуірімізге дейінгі сарматтар мәдениетіне қатысты екенін болжайды.
Яна Лұқпанова, археолог:
– Қай жылы, қай заманның обасы десек, ерте темір дәуірінің обасы. Қай ғасырға келетінін, жерленген жерін ашқанда сонда айтып береміз. Тоналмаған оба деп үміттенеміз.
Тарихқа «Тақсай ханшайымы» деген атпен енген «Алтын адам» осы жердегі бірінші обадан табылған. Оның ғылымға әкелген жаңалығы өлшеусіз. Ерте дәуірдегі көшпелілер өркениетінің жетістігін паш етумен қатар Еуразия құрлығындағы халықтар көші-қонының шығыстан батысқа жүргенін көрсетті.
Мұрат Сыдықов, БҚОТарих және археология орталығының директоры:
– Сармат мәдениеті, оған дейінгі савроматтар, бәрі шығыстан келген. Мысалы, осыдан шыққан «Алтын ханшайым» біздің дәуірге дейінгі VI ғасырдан болса, Орынборда Ресей ғалымдары тапқан осындай жәдігер IV ғасырға тиесілі. Яғни ежелгі нұсқасы біздің жерімізден табылуы – соның көрінісі.
Соңғы 15 жылда Жайық, Жалпақтал, Сарыөзен секілді ортағасырлық көне қалалар мен керуен сарайлардың орны табылған. Жібек жолы бойында орналасқан шаһарлар тізбегі батыста қала мәдениеті, сауда мен қолөнер дамығанын дәлелдейді.
Мұрат Сыдықов, БҚО Тарих және археология орталығының директоры:
– Ресей археологиясында осы көзқарас қабылданды. Батыс Қазақстанда орта ғасырда халық аз қоныстанған, көшпелілер ғана өмір сүрген деген бұрынғы тұжырым жаңсақ. Бұл жермен Сібірге қарай Жібек жолының бір тармағы өткен. Алтын Орданың алғашқы астанасы болған Болгар қаласымен байланыстырған.
Дәл қазір өңір ғалымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша мәдени-тарихи ескерткіштерді зерделеп, өз ұсыныстарын әзірлеуде. Киелі орындардың картасын жасауда нені таразы басына тартамыз? Ол мұралардың сакральды сипатын қалай анықтаймыз? Мамандар бұл мәселеде асығыстыққа ұрынбай, байыппен қарауымыз керек дейді.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов
Источник: khabar.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:24, 20 желтоқсан 2025
Қазақстан – Жапония: атом энергиясы саласында бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды
-
15:54, 20 желтоқсан 2025
Аяз бен боран: алдағы күндері Алматы, Астана және Шымкентте ауа райы қандай болады
-
15:54, 20 желтоқсан 2025
Қатты суық пен боран: алдағы күндері Алматы, Астана және Шымкентте ауа райы қандай болады
-
15:00, 20 желтоқсан 2025
Тоқаев Санкт-Петербургке барады
-
14:56, 20 желтоқсан 2025
Біріккен Араб Әмірліктерін су басты: қаза тапқандар бар





