ҚР Үкіметі мен Ұлттық банкі макроэкономикалық саясатты қалай жүргізбек

11:52, 26 наурыз 2019
174

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкі 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіруге бағытталған Келісімді жасасты, деп хабарлайды Zakon.kz ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкінің келісілген іс-қимылдары баға тұрақтылығын, экономиканы қолжетімді қаржыландыруды және қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Бұл жұмыс халықтың әл-ауқатының және өмір сүру деңгейінің өсуіне бағытталған мемлекеттің экономикалық саясатының басты мақсатына сәйкес келеді, - делінген хабарламада.

Қаржы реттеушісі жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты бірқатар қағидаттарға негізделетін болады. Олардың ішінде - инфляцияның деңгейін біртіндеп төмендету және оны төменгі деңгейде сақтау, инфляциялық таргеттеу режимін сақтау, теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамын сақтау, ырықты валюталық заңнаманы сақтау, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қолдау және тәуекелдерді бағалауға және теңбе-тең реттеу шараларына негізделген тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу.

Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Банкі өзінің мақсаттары мен міндеттерін орындауға қайшы келмейтін жағдайда, Үкіметтің экономиканың өсуін қамтамасыз ету жөніндегі шараларына жәрдемдеседі. Хабарланып отырғандай, елдің бас банкі 2019-2021 жылдар аралығындағы кезеңде инфляция бойынша нысаналы бағдарды кейіннен 3-5%-ға дейін төмендете отырып, 4-6% шегінде белгілейді.

Жасалған келісім шеңберінде Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкі өздері үшін бірқатар міндеттерді айқындады, олардың ішінде:

Теңестірілген фискалдық саясат. Бұл орайда Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бюджет шығыстарының мұнайдың бағасына тәуелділігін төмендетуге, мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған, орнықты және алдын ала болжанған фискалдық саясатты жүргізетін болады. Ұзақ мерзімді орнықтылықты қамтамасыз ету үшін Үкімет Ұлттық қор қаражатының жинақталуына ықпал ететін болады.

Тиімді ақша-кредит саясаты және инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар – Қазақстан Ұлттық Банкі нақты көрсеткіште оң болатын 3-3,5% шегіндегі базалық мөлшерлеменің деңгейін ұстап тұруға тырысатын келесі міндет.

Бұдан басқа, қаржы реттеушісінің мандаты және қолданыстағы құралдар шеңберінде уақытша бос банктік өтімділікті экономиканы кредиттеуге бағыттауды ынталандыру бойынша шаралар қабылданады.

Еркін өзгермелі айырбастау бағамының режимі шеңберінде валюта нарығының тұрақтылығын қолдау үшін нарықта шетел валютасының сұранысы мен ұсынысының орнықты теңгерімін қамтамасыз ету маңызды болып табылады. Сондықтан Қазақстан Ұлттық Банкінің тағы бір маңызды міндеті валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету болады. Ол үшін Ұлттық Банк теңге бағамының шамадан тыс өзгеруін болдырмау үшін өктемдіктер жүргізу құқығын өзіне қалдыра отырып, теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуді жалғастырады. Қазақстан Ұлттық Банкі нарыққа қатысушыларды валюталық тәуекелдерді хеджирлеу мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету мақсатында туынды қаржы құралдары нарығын дамытуға ықпал ететін болады.

Ұлттық қордан бюджетке кепілді трансферттерді қамтамасыз ету үшін ішкі валюта нарығында Ұлттық қордың валюталық активтерін жоспарлы түрде конвертациялау жүргізілетін болады.

Инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі. Келісімде Үкімет пен Ұлттық Банктің инвестициялық ахуалдың тартымдылығын, қорландырудың қолжетімділігі мен айқындығын, ел экономикасына, оның ішінде оның басым секторларына инвестициялар тартудың өсуін қамтамасыз ету бойынша бірлескен шаралары көзделеді.

Экономиканы қорландыру банктік кредиттеу құралдарының көмегімен ғана емес, сондай-ақ сақтандыру нарығының, басқарушы инвестициялық компаниялар нарығының, микроқаржы ұйымдарының, кредиттік серіктестіктердің, лизингтің, инвестициялық қорлардың, венчурлық қаржыландыру қорларының қатысуымен қор нарығының мүмкіндіктері арқылы да жүзеге асырылатын болады.

Қазақстандықтардың қаржылық қызметтерге қолжетімділігін арттыру және көлеңкелі экономиканы төмендету мақсатында клиенттерді қашықтан тиімді сәйкестендіру және дерекқорларды ықпалдастыру мәселелері шешіледі.

Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесіп нарықтың тиімді инфрақұрылымын қалыптастыруға, банкаралық кредиттеу нарығын дамытуға, нарықтық индекстер мен индикаторларды құруға, жаңа қаржы құралдарын, өнімдерді және көрсетілетін қызметтерді кеңейту мен дамыту үшін жағдайлар жасауға, үздік стандарттар мен практикаларды енгізуге, сондай-ақ жоғары технологиялық қашықтан көрсетілетін қаржылық қызметтерді ілгерілетуге және олардың елдің барлық өңірлерінде қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастырады.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту. Бұл бағытта Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу бойынша жұмыс жүргізеді. Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржы министрлігімен және қор нарығының қатысушыларымен бірлесіп мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру, оның ішінде халықаралық есеп айырысу ұйымдарының қатысуымен қалыптастыру жұмысын жалғастырады.

Экономиканы дамытуды қаржылық қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бөлігінде Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкі "Нұрлы жер" және "7-20-25" тұрғын үй бағдарламаларының жұмысын іске асыруды жалғастырады. Атап айтқанда, Үкімет қолжетімді тұрғын үй ұсынысын ұлғайту жөніндегі шараларды қабылдайды. Ұлттық Банк өз кезегінде "7-20-25" бағдарламасын қаржыландыруды жалғастырады.

Осы тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру бюджеттік, сол сияқты жеке қаржыландыру көздерін тарта отырып, халықтың түрлі топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Ұлттық Банкі Үкімет айқындаған экономиканың басым жобаларын кредиттеу үшін 2019-2020 жылдары 600 млрд теңге сомада банктердің ұзақ мерзімді өтімділікті ұсынуы жөніндегі шараларды қабылдайды.

Бұдан басқа, Қазақстан Ұлттық Банкі 5 жыл ішінде банктердің отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушы жеке тұлғаларды кредиттеу бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруы үшін 100 млрд теңге беретін болады.

Нақты сектор кәсіпорындарын қалыпқа келтіру. Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкі салауатты бизнес-орта үшін жағдайлар жасау негізінде дәрменсіз және тиімсіз компанияларға қатысты қатаң нарықтық тәртіп жататынын мойындайды. Үкімет пен Ұлттық Банк жоғары сот органдарымен құқық қолдану практикасы және борышкерлер мен кредиторлар мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлесе отырып жұмыс істейді.

Үкімет банкроттық жөніндегі заңнаманы одан әрі жақсарту бойынша жұмыс жүргізеді. Қазақстан Ұлттық Банкімен бірлесе отырып кредиторларға борышты реттеу бойынша өз құқықтарын іске асыруға тосқауыл болатын кедергілер жойылады.

Сонымен бірге корпоративтік басқарудың сапасын, басшылар мен акционерлердің дәйексіз ақпарат ұсынғаны үшін жауапкершілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.

Қазақстан Ұлттық Банкі банктердің проблемалық берешегін қайта құрылымдау бойынша мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту жолымен банктердің несие портфелін қалыпқа келтіру жөніндегі шаралар арқылы нақты сектор кәсіпорындарын қалыпқа келтіруге мүмкіндік жасайды. Қабылданатын шаралар да эмитент дәрменсіз болған кезде бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталады.

Қаржы жүйесінің тұрақтылығына банк жүйесін нығайтуға бағытталған жұмыстың арқасында қол жеткізіледі. Ол үшін уәжді пайымдауға, банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалауға негізделген тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізіледі.

Бұдан басқа, Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкі бағалы қағаздар нарығының бірыңғай кастодиандық және есептік инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстан қор биржасын және Астана қаласының Халықаралық қаржы орталығының биржасын дамыту және олардың қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігерін жұмсайды.

Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту.

Қолма-қол ақша айналымын және көлеңкелі экономиканы төмендету үшін Үкімет пен Ұлттық Банк ірі мәмілелер бойынша есеп айырысуды қолма-қол ақшасыз нысанға аударады.

Қазақстан Ұлттық Банкі қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімділігін арттыру және нарыққа қатысушылардың шығасыларын барынша азайту мақсатында қолма-қол ақшасыз төлемдердің инфрақұрылымын жетілдіру және инновациялық және бәсекелес ортаны дамыту үшін жағдайлар жасайды

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру – тағы да бір маңызды бағыт. Бұл орайда Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкі тұтынушылардың құқықтарын қорғау, шарттар талаптарының айқындылығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады, жеке ақпаратты қорғау жөнінде шаралар қабылдайды.

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысы жалғастырылады.

Ұлттық Банк тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін шектеу үшін кредиттік серіктестіктер, онлайн кредиторлар, ломбардтар сияқты банктік емес ұйымдарға қаржылық қатынастарды реттеу периметрін қолданады. Реттеу бойынша ұсыныстар үздік халықаралық практиканы ескере отырып, көрсетілетін қаржылық қызметтердің тәуекелдеріне теңбе-тең болатын талаптарды белгілеуге негізделеді.

Осы ұсыныстарды іске асыру үшін заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар дайындалатын болады.

Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкінің іс-қимылдарын үйлестіру тұрақты түрде мониторингтеу және Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырыстарында шараларды талқылау арқылы жүзеге асырылады.

- Ал Келісімді іске асыру 2019 жылғы 30 қаңтарда өткен кеңейтілген отырыста Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда:

негізгі капиталға 2019 жылы ЖІӨ-нің 16,8%-ы деңгейінде және 2025 жылға қарай жылына ЖІӨ-нің 30%-нан астам инвестициялар тарту;

шағын және орта бизнестің үлесін 2019 жылы ЖІӨ-нің 28,2%-на және 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 35%-на жеткізу;

көлеңкелі экономика үлесін үш жыл ішінде 40%-ға қысқарту,- деп түйіндеді Ұлттық банк.


Источник: zakon.kz


Пікір