Қостанай облысында полиция қызметкерінің өліміне қатысты тың мәлімет жарияланды

17:25, 20 қаңтар 2020

Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, әріптестері Дархан Базарбаевтың өліміне қатысты мән-жайды егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды zakon.kz "Костанайские новости" сайтына сілтеме жасап.

"19 қаңтарда патрульдік полиция бригадасы отбасылық жанжал шыққан үйге барды. Полиция үйдің кіреберіс сыртқы дәлізіне кіріп, үй иесін, оның көршісі мен анасын көрді, үшеуі жабылып пәтердің есігін бекітіп ұстап тұрған, ал бұл кезде іштен біреу есікті ұрғылап, сыртқа шығуға тырысып жатқан. Бұл отбасыны қолына пышақ алған 28 жастағы туысы өлтіремін деп қорқытқаны белгілі болды. Содан кейін полиция қызметкерлері бөлімге хабарласып, өздеріне қосымша адам жіберуді сұрады. Бірақ олар іске бірден кіріскен, есік алдындағы адамдар қауіпсіз, алшақ жаққа кеткен соң есікті ашқан. Бірінші болып қолында резеңке таяғы және қызметтік қаруы бар Базарбаев есікті ашқан, оның артында аэрозоль спрейі бар Сыздықов тұрған. Есік ашыла салысымен бас бұзар пышағын ала жүгіріп, Базарбаевтың кеуде тұсынан жарақаттады", - дейді жергілікті полиция қызметінің басшысы Құрмет Мәжікенов.

Оның сөзіне қарағанда, бұған қарамастан Дархан Базарбаев резеңке таяқпен басбұзардың қолынан ұрып, пышағын жерге түсірген, ал Амангелді Сыздықов оның бетіне аэрозольды бүріккен.

Полиция қызметкерлері басбұзардың қолынан қаруын түсіріп, өзін аяқтан шалып жерге құлатып, қолын артқа қайырған. Осыдан кейін Базарбаев өзінің жараланғанын сезіп, жедел жәрдем шақыруды өтінген. Содан орнынан тұрып, бірнеше қадам жасаған Базарбаев жерге гүрс етіп құлаған. Сыздықов оған алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан.

5 минуттан кейін келген жедел жәрдем қызметкерлері оның өлімін тіркеді.

Зардап шеккендердің бірі, басбұзардың бұрынғы әйелінің інісі Алексей Золотаренко жанжалдың неден шыққанын түсіндірді.

"Біз онымен көрші тұрамыз. Ол бізге қонаққа келді, қатты мас болып қалған, біз оған: "Бар, жатып дем ал" дедік, сол сөзімізге ол қатты ренжіп қалды. Біз сыртқа шығып сөйлестік, оның арты төбелеске ұласты. Ол пышақ алып, бүкіл отбасымды қырамын деді, сөйтіп үйге қарай тұра жүгірді, сол кезде мен сыртқы есікті жауып, оны қамап ұстадым. Полиция қызметкерлерін шақырдық. Мен өз отбасым үшін қатты қорқып кеттім", - деді жәбірленуші Алексей Золотаренко.

Төбелес кезінде жәбірленуші Алексей Золоторенко оң қолын сындырған.

Күдікті бұған дейін Ресей Федерациясымен арадағы шекараны заңсыз кескені үшін сотталған. Ажырасқан. Осы оқиғаға дейін ол әйелін ұрып-соғып, полицияға түскен. Ол төрт күн әкімшілік қамауда болды. Ол маскүнем, тұрақты жұмысы жоқ адам ретінде тіркеуге алынған.

Мәжікеновтің айтуынша, полиция қызметкерлері жанында қызметтік қаруы болған, бірақ олар жағдайды толық бағаламаған және қылмыскердің пышақпен қаруланатынын білмеді. Сондай-ақ, офицерлердің патрульдік машинада оқ өткізбейтін киімдері болды, бірақ олар оны пайдалануды жөн көрмеген.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 20 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндеттерін орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін қайтыс болған Дархан Базарбаевты ІІІ-дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттады.

Марқұмның артында жас әйелі және төрт айлық баласы қалды. Ол былтыр наурыз айында ғана шаңырақ көтерген екен.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!