«Көндірем, көнесің, қыз болып келесің — келін болып қаласың»: Мәжілісте қыз алып қашу мәселесі көтерілді
© Фото: pexels
2024 жылғы 4 желтоқсанда өткен Мәжіліс отырысында "Мәдениет туралы заңға өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын қарау барысында депутаттар қыз алып қашу мәселесін талқыға салды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Отырыс барысында Мұрат Әбенов айдың-күннің аманында қыз алып қашудың белең алып жатқанын айта келіп, бұл мәселеге Мәдениет және ақпарат министрлігі назар аудармай отырғанын баса айтты.
"Астанадағы университеттердің студенттері маған бір бейнероликті көрсетті. Ол жерде алып қашқан қызға мәжбүрлеп "өз еркіммен" келдім деген қолхат жаздырып жатты. Бұл барып тұрған құқық бұзушылық. Және бір өкініштісі мәдениет саласы мұны дәріптеп отыр. Мәселен, әншілер "Алып қашам мейлі олай қалама, келін қылам сені қалай да анама", деп, енді бір әнші "Көресің менің үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың! Көндірем, көнесің, қыз болып келесің — келін болып қаласың", деп ән шырқап жүр. Осылайша, мәдениет саласының қызметкерлері бұл қылмысты насихаттауда. Меніңше, мұндай дәріптеулерге заңмен тыйым салу керек". Мұрат Әбенов
Сондай-ақ, Мұрат Әбенов пен Еділ Жаңбыршин осы мәселе бойынша Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан сөзін еске алып, тапсырманың әлі күнге орындалмай жатқанын алға тартты.
"Президент "елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар, бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік…Сондықтан, мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу керек және оны тек сынау жеткіліксіз, оған бііржола тосқауыл керек", деп тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма әлі күнге дейін орындалмады",- деді Мұрат Әбенов.
Мұнымен қоса, ол бұл тапсырма тек Парламент пен ІІМ-нің жұмысы емес екенін алға тартып, оған қоғам болып қарсы тұру керектігін айтты.
"Мен бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқпын. Бір қызығы, үкіметтегілер проблемаға зер салып қарап отырған жоқ. Бұған дейінгі ұсынысыма барлық мемлекеттік органдар қарсы шықты. Бірақ мен тағы бір мәрте қыз алып қашуға бөлек нормалар енгізуді ұсынамын",- деді ол.
Өз кезегінде Еділ Жаңбиршин әріптесін қолдай отырып, мәселенің өзегін тереңнен, тәрбие беруден бастау қажет екенін айтты.
"Бәріміз қыз өсіріп отырмыз...Егер біз оларды қорғамасақ, мемлекеттің болашағы жоқ. Сондықтан балаларға жастайынан білім ордаларында, балабақшаларда, отбасында қызды құрметтеуді үйрету керекпіз",- деді ол.
Сондай-ақ, ол қыздың "тауар" емес екендігін, "жеке зат" емес екендігін баса айтып, қазіргі жігіттерді сынға алды.
Қорытындылай келе екі депутат та мәселені күн тәртібіне енгізіп, заңнамалық тұрғыда қарастыруды ұсынды. Бұл ретте, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов проблема алдағы отырыстарда бөлек тақырып ретінде қарастырылатынын айтты.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
00:38, 5 желтоқсан 2024
Павлодарда педофил 20 жылға сотталды
-
00:29, 5 желтоқсан 2024
Ақтөбеде шағын автобус пен көлік соқтығысты: қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар
-
23:56, 4 желтоқсан 2024
Қазақстандық теннисші БАӘ-де өтіп жатқан турнирдің ширек финалына шықты
-
23:26, 4 желтоқсан 2024
Шымкентте жол апатынан жүкті әйел жарақат алды
-
22:56, 4 желтоқсан 2024
Алматыда сотталушы қарауылшы жасақтың қызметтік көлігінен қашып кетті