Көктемде қой етінің бағасы 5 000 теңгеге барады – болжам

17:25, 29 шілде 2021
238

© Сурет: ernur.kz

Еттің бағасы шарықтап кетті. Сарапшылар көктемге қарай қойдың еті тіпті 5000 теңгеге барады деп болжап отыр. Бұған бірнеше себеп бар. Елдегі қуаңшылық пен малдың сыртқа экспортталуы бағаға тікелей әсер етіп отырған факторлар екен, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Сиыр, қой, жылқы етінің бағасы ел бойынша Алматыда аспандап тұр. 3-4 мың теңгенің аралығы. Одан кейінгісі Нұр-Сұлтан қаласы. 2300-ден 3500 теңгеге дейін. Петропавл, Қостанайда да осы шамалас. Жоқ дегенде 3 мыңнан асып жығылады.

Пышаққа ілінетін мал жоқ. Арық-тұршаң бәрі. Одан қалды жайылымдарда шөп жоқ себебі. Қуаңшылық салдарынан мал біткеннің бәрі қазірдің өзінде көтерем. Ал күздегі ахуалды болжаудың өзі қорқынышты.

Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында шөп бағасы 2 есе өсіп кеткен. Мысалы, өткен жылы 600-800 теңгеге сатылған бір бау шөптің қазіргі бағасы 1000-1500-ның айналасы.

Алмасбек Садырбаев, "Шопан ата" қойшылар қауымдастығының төрағасы:

Мұның салдары елімізде малдың барлығының құны түсіп жатыр. Ол түскен арзандаған, малдың бәрін Өзбекстан алып кетіп жатыр. Сонымен біздің еліміздің ішінде малдың саны күрт азаяды.

Бағаны шарықтатып отырған басты себептердің тағы біреуі осы. Қойдың бәрін көршілеріміз арзанға сатып алып кетіп жатыр. Сондықтан да кей күндері базарларда қойдың еті мүлде болмай қалады. Жоғарыда аталған факторларды ескерсек, алдағы уақытта ішкі нарық еттен тарығып қалатын түрі бар. Бірақ Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қуаңшылық та, қымбатшылық та тоқтатар емес.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Жыл басынан бергі төрт айда ет экспортының көлемі 9,4 млн долларды құрап, 2,6 мың тонна ет сыртқа жөнелтілді. Импорт көлемі биыл 21 млн долларды құраған, былтырғымен салыстырғанда, импорт 41 пайызға төмендеген. Қазақстан ет экспортына шектеу қоймайды.

Осыған дейін Үкімет отырыстарының мінберінде көсілген министрлер мен әкімдер Қазақстандағы қуаңшылыққа, жем-шөп тапшылығына және малдың қырылуына қарамастан ет қымбаттамайды деп бірнеше рет кесіп айтқан. Баға өсуін тежейтін түрлі шара ұсынып, сендіруге тырысты.

Марат Оразаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы:

Жаз уақытында, күзге қарай биылғы жылғы төлдер жетіледі. Сөйтіп сатылымға шығарылады. Соның есебінен жаз уақытында еттің бағасы өспейді деп толығымен айта аламыз. Күздің уақытында да солай болады. Өйткені шаруашылық өзінің қысқа дайындаған жем-шөбімен малдарды сатылымға шығарады. Сол себепті еттің бағасы өспейді.

Ауыл шаруашылық саласында қордаланған проблемалар бұл ғана емес. Осы сынды бассыздықтарға жол берген экс-министр Сапархан Омаровты Президент жуырда лауазымынан кетірді. Ведомстваның басына уақытша келген Ербол Қарашөкеевтің де әзірге қарасы көрінбейді. "Биліктің ауыс-түйістен қолы босамай жүргенде, қараша халық сүйек-саяқ мүжіп, сорпа орнына су сапырмаса болғаны", - дейді сарапшылар. .

Алмасбек Садырбаев, "Шопан ата" қойшылар қауымдастығының төрағасы:

Соғымға соятын мал болмайды. Өйткені арық тұршаң мал қазір шілденің ыстығында қалғаны қырылады. 03:31 Яғни көктемге жетпей еттің бағасы шарықтап кетеді. Ендігі жылы көктемде еттің бағасы 5000 теңгеге жетеді.

Ашық ақпарат көздеріне сенсек, 1960-70 жылдары Қазақстан халқы адам басына шаққанда жылына 60 келі ет жепті. Ал 90 жылдары бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жеткен. Қазір ше? Бір жылда орташа жейтініміз 40-45 келінің айналасы. Осыған қарап-ақ соңғы жылдары ет қазақтардың тісіне емес, түсіне кіріп жүр деп айтуға толықтай негіз бар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір