Көкшетауда полицейлер өртенген пәтерде ес-түссіз жатқа ер адам мен жас баланы құтқарды

16:47, 24 наурыз 2025

© Сурет: polisia.kz

Ақмола облысында тәртіп сақшылары өртенген пәтер ішінде ес-түссіз жатқан ер адам мен баланы қауіпсіз жерге алып шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23 наурызда сағат 17:28-де Көкшетау қаласының Юбилейный ықшам ауданындағы бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы 102 нөміріне шұғыл қоңырау келіп түскен. Оқиға орнына санаулы минуттар ішінде жеткен учаскелік полиция инспекторы Сағындық Құрмантаев көршілердің пәтер есігін ашуға тырысып жатқанын көреді. Өйткені іштегі тыныштық бәрін алаңдатқан.

"Осы кезде үй ауласындағы қарт кісі көмек сұрап, іште ұлы мен немересі қалып кеткенін, өзінде кілт жоғын айтты. Көп ұзамай есік ашылып, Сағындық Құрмантаев дымқыл шүберекпен тынысын жауып, қою түтіннің ішіне батыл кірді. Пәтердің дәлізінен ол естен танып жатқан 8 жасар баланы тауып алып, дереу сыртқа алып шықты. Артынша ішке қайта кірген полиция қызметкері түтін арасынан сұлық жатқан ер адамды байқайды. Оған кинолог, кіші сержант Артем Шмидт пен патрульдік қызмет өкілдері де көмекке жетті. Қалың түтінге қарамастан, тәртіп сақшылары ер адамды қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы көмек көрсетті. Арада көп уақыт өтпей өрт сөндірушілер келіп, жалынды толық ауыздықтады. Полицейлер мен жедел әрекет еткен көршілердің арқасында қос бірдей адамның өмірі аман қалды. Қырағылық пен батылдық танытқан көршілерге полиция қызметкерлері алғыс білдірді". ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Қазіргі таңда құтқарылған әке мен бала аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы бақылауда екенін айтады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!