Қазақстанның крипторезерві неден қалыптасады – Ұлттық банк төрағасы түсіндірді

17:41, 6 наурыз 2026

© Сурет: Zakon.kz

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов 2026 жылғы 6 наурызда өткен брифингте ұлттық стратегиялық крипторезервті құру және іске қосу жұмыстары қай кезеңде екенін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, криптоактивтер біртіндеп жоғары тәуекелді инвестиция санатынан шығып келеді.

"Біз ірі инвестициялық үйлердің, көп егеменді қордың және тіпті үкіметтердің криптоактивтерге инвестиция сала бастағанын көріп отырмыз. Сондықтан біз де бұл үрдістен шет қалмауымыз керек. 2025 жылдың қарашасында басқарма тиісті шешім қабылдап, портфель қалыптастырды. Оның үш көзі бар. Соның бірі – алтын-валюта резерві. Осы резервтен қазірдің өзінде 350 миллион долларға дейінгі портфель жасақтадық", – деді ол.

Оның сөзінше, қазір Ұлттық банк инвестиция салатын құралдардың тізімі қалыптастырылып жатыр.

"Бұл 350 миллион долларды алып, бірден биткоинге салдық деген сөз емес. Портфельге криптовалюталармен байланысты жоғары технологиялық компаниялардың акциялары, цифрлық қаржылық активтер, сондай-ақ криптоактивтердің динамикасына ұқсас индекс қорлары мен басқа да құралдар кіреді", – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Бұл мәліметті Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да толықтырды.

"Әңгіме криптовалюталарға үлкен көлемде инвестиция салу туралы болып отырған жоқ. Қазір біз цифрлық активтермен және криптовалюта инфрақұрылымымен айналысатын компанияларды іріктеп жатырмыз. Таңдау процесі жүріп жатыр, жақын арада нәтижесін жариялаймыз. Алғашқы инвестициялар 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында басталуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл қаражат бос жатқан жоқ, ақша нарығының құралдарына салынып, табыс әкеліп отыр. 350 миллион доллар – алтын-валюта резервінен бөлінген қаржы. Ұлттық қордан да дәл осындай көлемде қаржы бөлу туралы шешім қабылданды, оны наурыз айынан бастап жүзеге асыра бастаймыз", – деді ол.

Еске салайық, 2026 жылғы 10 ақпанда Тимур Сүлейменов қаржы нарығының Киберқауіпсіздік стратегиясы іске қосылғанын және Ұлттық стратегиялық крипторезерв құрылатынын мәлімдеген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!