Қазақстандықтарға референдум нәтижелері қашан жарияланады

15:28, 23 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz

2026 жылғы 23 ақпанда өткен брифингте Референдумның орталық комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумды өткізу тәртібі туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Азамат Айманақұмовтың мәліметінше, дауыс беру 10 411 референдум учаскесінде өтеді. Оның ішінде 80 учаске Қазақстан Республикасының 62 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанында ұйымдастырылады.

"Азаматтардың тіркелген жері бойынша 9 799 учаскеде дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Әскери бөлімдерде, демалыс үйлерінде, шипажайларда, стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерде, тергеу изоляторларында, сондай-ақ шетелдердегі өкілдіктер жанында құрылған 632 учаскеде дауыс беру ұйымдастырылады. Егер тізімге енгізілген барлық азамат дауыс берсе, учаскелік комиссия кез келген уақытта дауыс беруді аяқталған деп жариялай алады", – деді спикер.

Ол сондай-ақ азаматтарға уақытша болатын жері өзгерген жағдайда дауыс беру құқығына арналған куәлік арқылы дауыс беруге болатынын еске салды. Аталған куәлік сайлаушының жазбаша өтініші және жеке басын куәландыратын құжаты негізінде дауыс беру күніне 15 күн қалғанда және дауыс беру алдындағы күнгі сағат 18:00-ге дейін учаскелік комиссия тарапынан беріледі. Бұл ретте азаматтар тізімінде тиісті белгі қойылады.

"Бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға дауыс беру құқығына арналған куәлік берілмейді. Куәліктің бес таңбалы серия нөмірі болады. Жоғалған куәлік қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді. Осылайша, 27 ақпаннан бастап жергілікті уақыт бойынша 14 наурыз сағат 18:00-ге дейін азаматтар тұрақты тіркелген жеріндегі референдум учаскелік комиссиясынан дауыс беру құқығына арналған куәлікті ала алады", – деп толықтырды Азамат Айманақұмов.

Ол әрбір азаматтың жеке өзі дауыс беретінін атап өтті: дауыс беру құқығын басқаға беруге, сондай-ақ өзге адам үшін дауыс беруге жол берілмейді.

"Егер осы учаскеде Қазақстан Республикасының "Сайлау туралы" Конституциялық заңында белгіленген тәртіпке сәйкес дауыс беру уақыты өзгертілмесе, дауыстарды санау жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Уақыт өзгертілген жағдайда, санау дауыс беру аяқталғаннан кейін басталады.

Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, референдум өтті деп есептеледі. Референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы қолдаған жағдайда қабылданды деп танылады", – деп түйіндеді Референдумның орталық комиссиясының мүшесі.

Дауыс беру қорытындылары Референдумның орталық комиссиясы отырысында шығарылады, тиісті хаттамамен рәсімделеді және референдум нәтижелері туралы ресми хабарлама дауыс беру өткен күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!