Қазақстандықтар үшін ең қолжетімді ТОР-10 автокөлік

17:53, 25 маусым 2018

Алматы. 25 маусым. 7kun.kz – 2018 жылдың қаңтар-мамырында Қазақстанда 165,5 млрд теңгеге 20 620 жаңа жеңіл автокөлік сатып алынды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.

«Мамыр айында жеңіл автокөліктің орташа құны 8 875 116 теңгені құрады және биылғы қаңтармен салыстырғанда, 14 пайызға өсті. Отандық зауыттан шыққан көліктің орташа бағасы 5 374 439 теңге сомасында қалыптасты», – деп атап өтілген хабарламада. Қаңтардағы сатылымдарға қарағанда, мамырда бюджеттік сегменттің қысқаруы тіркеліп, керісінше, қымбат көліктердің сегменті артты. Осы орайда, қазақстандық нарықта 3,5 млн теңгеден арзан көлік модельдеріне сұраныс 28,7-ден 13,5 пайызға дейін қысқарды.

Мамырда автонарықтың төрттен бір бөлігінен астамын (28,7 пайызы) 5-7 млн теңге аралығындағы автомобильдер құрады. Ал бизнес-санаттағы көліктер (10-15 млн теңге)  сегменті де 7,9-дан 20,5 пайызға дейін өсті. «Жалпы, 2018 жылдың 5 айында қазақстандық нарықта сұранысы жоғары модельдер арасында құны 3,5 млн теңгеден арзан көліктер басымырақ болды. Олардың үлесіне сатылған автомобильдердің 20,9 пайызы немесе 4 302 автокөлік тиесілі болды. Одан кейінгі орында 20,4 пайыздық деңгеймен 5-7 млн теңгеге бағаланған көліктер шықты. Ал сатып алушылардың 19,6 пайызы 3,5-5 млн теңгені құраған автомашиналарды таңдады.

Сонымен қатар, аталған мерзімде сатылған көліктердің 16,6 пайызы 7-10 млн теңге шамасында бағаланған», – делінген хабарламада. Қаңтар-мамыр қорытындысы бойынша қолжетімдігі жоғары модельдердің рейтингінде отандық және импорттық автокөліктер де өтім болды. Баға жағынан 2,59 млн теңгеден басталатын Lada Granta-ға таңдау көбірек түскен.

Ең қолжетімді автомобильдердің ТОР-10 қатарына Ravon R2 (2,78 млн теңге), Ravon Nexia (2,8 млн), Lada 4×4 (3,11 млн), Ravon R4 (3,25 млн), Lada Kalina (3,34 млн), Renault Logan (3,55 млн), Ravon Gentra (3,73 млн), Lada Vesta (3,79 млн) және Lada 4×4 pickup (3,86 млн) енді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!