Қазақстандық гимнастар көпсайыстан Азия ойындарының финалына жолдама алды

19:27, 1 қазан 2026
MKZ: 1570009

© Сурет: olympic.kz

Қазақстандық гимнастар Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызы Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жекелей көпсайыстың финалына шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Ақмарал Ерекешева барлық қатысушының арасынан үздік нәтиже көрсетті. Ол төрт жаттығудың қорытындысы бойынша 111,35 ұпай жинады. Отандасымыз шығыршықпен орындалатын жаттығуда 28,60, доппен 27,30, ұршықтармен 27,75, таспамен 27,70 ұпайға ие болды.

Қазақстанның тағы бір өкілі Айбота Ертайқызы іріктеу кезеңін төртінші орынмен аяқтады. Оның жалпы ұпайы – 106,55. Гимнаст шығыршықпен орындалатын жаттығуда 27,65, доппен 26,55, ұршықтармен 24,85 және таспамен 27,50 ұпай жинады.

Жекелей көпсайыстың финалына іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен он гимнаст жолдама алды.

Бұл бағдарламадағы жүлделер 3 қазанда сарапқа салынады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!